БҰҰ Йеменде тырысқақ ауруына шалдыққан адам саны 200 мыңнан асқаны туралы хабарлады. Соңғы айларда осы дерттен елде 1300 адам қайтыс болған, олардың ширек бөлігі – балалар.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (WHO) мен БҰҰ балалар қорының (UNICEF) бірлескен мәлімдемесінде әлем бойынша соңғы жылдары бұл аурудың ең көп жаппай таралуы Йеменде кездесіп отырғаны айтылған.
Бұған дейін мамырдың ортасында БҰҰ Йеменде тырысқақтан 51 адам қайтыс болғаны туралы хабарлаған еді.
"Ауру небары екі айдың ішінде соғыстан күйзелген елдің барлық аймағына тарады", - делінген дүниежүзілік екі ұйымның бірлескен мәлімдемесінде.
БҰҰ биылғы жылдың соңына дейін Йеменде ауруға шалдыққандар саны 300 мың адамға жетуі мүмкін деген болжам жасайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, күн сайын Йеменде тырысқақ дертін бес мың адам жұқтырады.
Йеменде хусит көтерілісшілері мен үкімет күштері арасындағы екі жылдан астам уақытқа созылған соғыстан кем дегенде 10 мың адам құрбан болды. Йемен билігін Сауд Арабиясы бастаған араб елдерінің коалициясы қолдайды. Коалиция күштері Йемен территориясын жиі бомбалайды. Ал Иранның және шиит жасақтарының қолдауына сүйенген хусит көтерілісшілері Йемен астанасы Санаға және елдің солтүстік бөлігіне бақылау орнатқан.