Accessibility links

Янукович сотқа келмеуіне байланысты ісін қарау кейінге қалдырылды


Виктор Янкуович, Украинаның бұрынғы президенті.
Виктор Янкуович, Украинаның бұрынғы президенті.

Киевтің Оболон аудандық соты Украинаның бұрынғы президенті Виктор Януковичке қарсы "мемлекетке сатқындық жасау" ісін қарауды сот отырысына Януковичтің келмеуіне байланысты кейінге шегерді. Егер айыпталушы ендігі сот процесіне де келмесе, онда сот істі оның сыртынан қарай бастайды. Янукович пен оның қорғаушылары айыпты жоққа шығарып, сырттай соттауды заңсыз деп атады.

Әскери прокурор Руслан Кравченконың пікірінше, Янукович сот процесіне қатысудан әдейі бас тартып отыр. Януковичтің қорғаушылары экс-президенттің Дондағы Ростов қаласындағы соттан видео конференция арқылы қатыспақ ниетте екенін, бірақ ол Украина әділет министрлігі Ресейге ресми сауал жолдауы тиіс екенін айтады.

Виктор Янукович 2014 жылы ақпанда жаппай халық толқуларының қысымынан соң Ресейге қашып кетіп, сонда тұрып жатыр. Украинаның қазіргі билігі 2014 жылы қыста арнайы жасаққа демонстранттарға оқ атуға Януковичтің өзі бұйрық берген деп біледі. 2013 жылдың қарашасында басталып, үш айға созылған толқулар кезінде Киевте 100-ден астам демонстрант құрбан болған.

Янукович "мемлекетке сатқындық жасады", "Украинаның егемендігі мен территориялық тұтастығын бұзды" және "Ресей агрессиясына арандатты" деп айыпталып отыр. Киев Януковичті айыптауға оның "Ресей билігінен Украинадағы оқиғаға араласуын сұрап жазған хаты" дәлел болады дейді.

Янукович биліктен кетісімен-ақ Ресей Украинаның Қырым түбегін тартып алып, Украинаның шығыс және оңтүстік облыстарында сепаратизмге дем бере бастаған. Киев пен НАТО Мәскеу ресейшіл сепаратистерге әскери қолдау көрсетті деп санайды. 2014 жылы сәуірде сепаратистерге қарсы басталған соғыста 10 мыңға тарта адам құрбан болды.

Украина бас прокуратурасы 3 мамырда Интерпол Януковичті халықаралық іздеуді тоқтатқанын хабарлаған. Киев Интерполдың бұл шешіміне шағымданатынын мәлімдеді.

Янукович тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танылса, сырттай 15 жылға сотталуы мүмкін.

XS
SM
MD
LG