Accessibility links

Белсенді Асхат Берсәлімов "саяси тұтқындарды" қолдап аштық жариялады


Белсенді Асхат Берсәлімов Қазақстандағы "саяси тұтқындарды" қолдап аштық жариялап тұр. Алматы, 26 маусым 2017 жыл (Сурет Асхат Берсәлімовтің Facebook-тегі парақшасынан алынды).
Белсенді Асхат Берсәлімов Қазақстандағы "саяси тұтқындарды" қолдап аштық жариялап тұр. Алматы, 26 маусым 2017 жыл (Сурет Асхат Берсәлімовтің Facebook-тегі парақшасынан алынды).

Бүгін, маусымның 26-сына белсенді Асхат Берсәлімов Алматы қаласының Жібек жолы көшесіндегі адамдар көп жүретін орында бір күндік аштық акциясын өткізді.

Көшеге "Саяси тұтқындарға бостандық" деп жазылған плакат ұстап шыққан ол Азаттық тілшісіне акцияны Макс Боқаев, Талғат Аян, Жанболат Мамай, Арон Атабек, Мұхтар Жәкішев сияқты "саяси себептермен тұтқында отырғандарға" арнайтынын хабарлады.

Асхат Берсәлімов 2016 жылы қазанда бір топ белсендімен бірге Алматының орталығында Макс Боқаев пен Талғат Аянға қолдау білдіру үшін жиналған жерінен ұсталып, "бейбіт жиын, митинг, шеру өткізу тәртібін бұзғаны" үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынған.

Маусымның 23-іне журналист Рамазан Есіргепов абақтыда жатқан белсенді Макс Боқаевты қолдап, маусымның 22-сінен бастап аштық жариялаған еді. Ол "Макс Боқаевты қолдау аштық акциясын басқа да азаматтық белсенділер эстафета түрінде жалғастыру үшін алдағы жексенбіде бір топ белсенділер бас қосып, кеңесетінін" хабарлаған.

Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласындағы ЕС-164/3 колониясында жазасын өтеп жатқан, Атыраудағы "жер шеруіне" қатысқаны үшін сотталған атыраулық белсенді Макс Боқаев маусымның 9-ынан бері аштық жариялап жатыр. Тұтқын өзін Солтүстік Қазақстан облысындағы түрмеге ауыстырған ішкі істер министрлігі қылмыстық атқару жүйесі комитетінің шешімі "заңсыз" деп біледі. Боқаев өзін тұрғылықты жері – Атырау облысындағы түзеу колониясына ауыстырудан бас тартқан билікке наразылық ретінде аштық жариялаған.

Бұған дейін Макс Боқаев өзін Атыраудан Петропавл түрмесіне ауыстырған ішкі істер министрлігі қылмыстық атқару жүйесі комитетінің үстінен сотқа шағымданған. Бірақ Астананың Алматы аудандық соты "Боқаевты Атырауға ауыстыруға негіз жоқ" деген уәжбен тұтқынның шағымын қанағаттандырудан бас тартқан.

XS
SM
MD
LG