Accessibility links

АҚШ Жоғарғы соты Трамп жарлығының күшін қалпына келтірді


Вашингтондағы АҚШ Жоғарғы соты (Көрнекі сурет).
Вашингтондағы АҚШ Жоғарғы соты (Көрнекі сурет).

АҚШ Жоғарғы соты президент Дональд Трамптың бірқатар мұсылман елдерінің азаматтарына виза бермеу жөніндегі жарлығының күшін жартылай қалпына келтірді. Бұл жөнінде Associated Press агенттігі хабарлайды.

26 маусымда шыққан қаулысында сот "АҚШ-тағы азаматтармен немесе ұйымдармен оң қарым-қатынасы бар" шетелдіктердің елге кіруіне тыйымды жойды. Сот сонымен қатар тараптардың бұл іс бойынша уәждерін қазан айында тыңдауға келісті.

Маусым айының басында Трамп апелляциялық соттың шешімін қайта қарау жөнінде Жоғарғы сотқа шағымданған.

Трамп өткен аптада жарлық сот санкция шығарғаннан кейін 72 сағат ішінде күшіне енеді деп мәлімдеген. АҚШ президенті тыйым ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін керек дейді. Бірақ оған қарсылар тыйым мұсылмандарға қарсы бағытталған деген пікірде.

Осының алдында федералдық сот екі рет Трамптың иммиграция жөніндегі жарлығының күшін жойған. Жарлыққа сәйкес, алты мұсылман елінің (Иран, Ливия, Сомали, Судан, Сирия және Йемен) азаматтарына АҚШ-қа кіруге виза беруге 90 күнге дейін тыйым салынбақ.

XS
SM
MD
LG