Ақ үй Сирия үкіметі кезекті рет химиялық қару қолданып шабуыл жасауға дайындалып жатқан болуы мүмкін деп мәлімдеп, Дамаск жаңа химиялық қару шабуылын жасаса "сазайын тартатынын" ескертті. 26 маусым күні кешке таратқан мәлімдемеде Сирия үкіметі жасап жатқан әрекеттер 4 сәуірде жасалған химиялық қару шабуылы қарсаңындағы дайындықтарға ұқсайтыны айтылған. Ол кездегі шабуылдан ондаған бейбіт тұрғын қаза тауып, бірер күннен соң АҚШ президенті оған жауап ретінде Сирияның әуе базасын қанатты зымырандармен атқылауға бұйрық берген.
"Бұған дейін мәлімдегеніміздей, АҚШ Сирияда Ирак пен Сириядағы "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымын жою үшін барды. Бірақ егер [Сирия президенті Бшар Асад] кезекті рет химиялық қарумен шабуыл жасаса ол және оның әскері үлкен құн төлейді" деді Ақ үйдің баспасөз хатшысы Шон Спайсер.
7 сәуірде АҚШ Сирияның Хомс провинциясындағы Шайрат әуе базасын зымыранмен атқылаған. Вашингтон әскери соққы бейбіт тұрғындарға қарсы химиялық қару қолданып, 70 адамды құрбан еткен шабуылға жауап ретінде берілді дейді. Пентагон химиялық қару қолданылған шабуылды Сирия президенті Башар Асадтың әскері жасады дейді.