Тәжікстанда сейсенбіде Ұлттық бірлік күнін атап өтіп жатыр. 1997 жылы 27 маусымда Тәжікстандағы зайырлы үкімет пен исламшыл күштер бастаған оппозициялық топтар коалициясы арасында бес жылға созылған азамат соғысын аяқтау туралы бейбітшілік және ұлттық бірлік келісіміне қол қойылған. 1997 жылы келісімге Мәскеуде президент Эмомали Рахмон мен Біріккен тәжік оппозициясының жетекшісі Саид Абдулло Нури БҰҰ-ның араағайындығымен қол қойған. Мерекелік шара Душанбеден шығысқа қарай 25 километр қашықтықтағы Вахдат қаласында өтіп жатыр.
Ұлттық бірлік күні қарсаңында Тәжікстан президентінің ресми сайтында Эмомали Рахмонның үндеуі жарияланды. Президент үндеуінде Тәжікстанның "іштегі және сырттағы ұнамсыз күштердің арандатуы мен жаулық әрекеттері" нәтижесінде саяси текетіреске ұрынып, елді "азаматтық соғыс өрті шарпығанын" мәлімдеді.
Рахмонның сөзінше, Тәжікстан экономикасына орны толмас зардап келтіріліп, экономикалық және әлеуметтік инфрақұрылым күйреді. Рахмон қазір Тәжікстанның "елдің барлық азаматтарына барлық аймақта жыл он екі ай еркін жүріп-тұруына, тауардың еркін тасымалдануына мүмкіндік беретін расымен де біртұтас мемлекетке айналғанын" айтады.
Тәжікстандағы азамат соғысынан 150 мыңға тарта адам құрбан болып, бір миллионнан астам адам босқын атанды.
Президент Эмомали Рахмон елді азамат соғысы басталғаннан бері басқарып келеді. Рахмонның билігін сынайтындар ол соғыс аяқталған соң саяси қарсыластарының көзін жойып, өзгеше ойлайтындарды басып-жаныштаумен айналысты, елде непотизм орнығып, коррупция жайлады деп біледі.