Accessibility links

Гаага соты: Сребренницадағы 300 мұсылманның өліміне Нидерланд ішінара кінәлі


Поточарадағы бұрынғы БҰҰ базасы. Босния, 9 ақпан 2017 жыл.
Поточарадағы бұрынғы БҰҰ базасы. Босния, 9 ақпан 2017 жыл.

Гаагадағы апелляциялық сот 1995 жылы Сребренницадағы жаппай қырғын кезінде 300-ге жуық мұсылманның қазасына Нидерланд мемлекеті ішінара кінәлі екені туралы бұған дейін Гаага азаматтық соты шығарған шешімді қуаттады. 2014 жылғы ол шешімде 1995 жылы шілдеде БҰҰ бітімгерлер күші құрамындағы голландиялық әскер Потачары елдімекеніндегі базасына басқа босқындармен бірге бассауғалап барған 300 мұсылманды ол жерден мәжбүрлеп шығарғаны себепті қырғын үшін ішінара жауапкершілік Нидерландқа жүктелетіні айтылған.

Кейін босниялық серб армиясы бөлімшелері жаппай қырып тастаған жеті мың мұсылман ер азаматтары мен ұл балалардың арасында Нидерланд әскер Потачары базасынан шығарып жіберген әлгі 300 адам да құрбан болған.

2007 жылы бұрынғы Югославиядағы қылмыстарды қараған Гаага халықаралық трибуналы Сребренницадағы қырғынды геноцид деп таныған. Босниялық сербтердің бұрынғы әскери қолбасшысы Ратко Младичке дәл осындай айып тағылып, ісін халықаралық сот қарап жатыр. Младичке үкім 2017 жылдың соңында шығуы мүмкін.

XS
SM
MD
LG