Accessibility links

Украина Ислам Каримовтің туысына босқын мәртебесін берді


Акбарали Абдуллаев, Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтің туысы. Киев, Украина, 22 ақпан 2017 жыл.
Акбарали Абдуллаев, Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтің туысы. Киев, Украина, 22 ақпан 2017 жыл.

Украинаның миграциялық қызметі Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтің туысы Акбарали Абдуллаевқа босқын мәртебесін берді. Ресми Ташкент Каримовтің жесірі Татьяна Каримованың жиені, 33 жастағы Абдуллаевты экстрадициялауды сұраған.

Киев қалалық прокуратурасының баспасөз хатшысы Надежда Максимец Азаттықтың Өзбек редакциясына Абдуллаевқа босқын мәртебесі 14 маусымда беріліп, үйқамақтан босатылғанын хабарлады. Максимецтің сөзінше, Абдуллаевты Өзбекстанға тапсыру немесе одан бас тарту туралы түпкілікті шешімді Украина прокуратурасы қабылдайды.

Акбарали Абдуллаевқа Ташкентте 2014 жылы "үлкен көлемде ақша жымқырды", "шетел валютасын жасырды", "қылмыстық жолмен иеленген табысын заңдастырды" деген айыптар тағылған. Биылғы қаңтарда күдікті Киевтегі "Жуляны" әуежайына келіп түскен жерінде тұтқындалған. Оның Өзбекстаннан қашан, қайтіп шетке кеткені белгісіз. Ұсталған кезде Абдуллаевта Доминикан республикасы мен Өзбекстанның азаматы екенін дәлелдейтін паспорты болған.

Абдуллаев биыл көктемде Украина билігінен өзіне саяси баспана беруді сұраған. Наурыз айында сотта ол өзін Өзбекстанға экстрадициялаудан қауіптенетінін, өз елінде азаптауға ұшырайтынын мәлімдеген.

Өзбекстанды совет кезеңінен бері басқарып келген Ислам Каримов былтыр қыркүйекте дүние салған.

XS
SM
MD
LG