Accessibility links

ІІМ: Жәкішевті басқа түрмеге ауыстыруға негіз жоқ


Мұхтар Жәкішевтің "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясы президенті кезіндегі суреті.
Мұхтар Жәкішевтің "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясы президенті кезіндегі суреті.

Қазақстан ішкі істер министрлігі (ІІМ) Қарағанды облысы Долинка кентіндегі түрмеде сот жазасын өтеп жатқан "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевті басқа мекемеге ауыстыруға негіз жоқ деп біледі. Бұл туралы министрліктің Азаттыққа жолдаған жауабында айтылған. Азаттық бұған дейін "қамаудағы Жәкішев өзін нашар сезінетіні" туралы және "бұл оның медициналық жәрдемге қол жеткізе алмай отыруына байланысты болуы мүмкін" деген хабарларға байланысты министрлікке сауал жолдаған еді.

"Аталған сотталған адамды жазасын ары қарай өтеу үшін басқа мекемеге ауыстыруға медициналық негіз жоқ", - деп хабарлады ІІМ.

Ресми жауапта Долинка кентіндегі түрмеге түскен соң Мұхтар Жәкішевтің "дертіне байланысты диспансерлік есепке алынып, осы мекеменің медициналық бөлімшесінде ғана емес, сонымен бірге азаматтық медицина ұйымдарында да тұрақты түрде амбулаториялық және стационарлық емдеу курстарынан өтіп тұратыны" айтылған.

ІІМ дәрігерлік құпияны алға тартып, Жәкішевтің диагнозы туралы ақпарат беруден бас тартқан. Бірақ тұтқынның "жалпы жағдайы қанағаттанарлық" екені және "қажетті медициналық бақылау мен емдеумен толық қамтамасыз етілгені" туралы хабарлаған.

Бұған дейін қазақстандық құқыққорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында тұтқын Жәкішевтің әлсін-әлі талықсып кететін (синкопе) жағдайға душар болғаны туралы ақпарат жариялап, тиісті ем көрсету үшін тұтқынды дереу Алматы облысындағы Заречный кентіне ауыстыруға қоғам атынан шақырған.

2009 жылы мамырда ұсталып, коррупциялық қылмыс айыбы бойынша 2010 жылы наурызда 14 жылға сотталған "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев қазір Қарағанды облысы Долинка кентіндегі АК-159/6 мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Бұған дейін ол Алматы қаласы маңындағы Заречный кентіндегі түрмеде отырған. Қазақстандық белгілі құқыққорғаушылардың пікірінше, Қарағанды облысындағы түрмеде әлі күнге дейін советтік Карлаг дәстүрі сақталған. Билік Жәкішевті бұл түрмеге осымен екінші рет ауыстырған.

Қазақстандағы құқыққорғаушы ұйымдардың кейбірі 2013 жылы Мұхтар Жәкішевті саяси тұтқын деп таныған. Кей құқыққорғаушылар оны Долинка түрмесіне саяси себеппен ауыстырған деп санайды. БҰҰ адам құқығы жөніндегі комитеті Жәкішевтің құқығы бұзылғаны туралы берген шағымын қанағаттандырып, оның пайдасына шешім қабылдаған. Қазақстан билігі Мұхтар Жәкішевтің ісінде және оны бір түрмеден екіншісіне ауыстыруда саяси себеп барын жоққа шығарады.

Бүгін Мұхтар Жәкішев 54 жасқа толды. Ол осымен тоғызыншы жыл қатарынан туған күнін темір тордың ар жағында қарсы алды.

XS
SM
MD
LG