Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) сенат сайлауының түпкілікті қорытындысын жариялады. ОСК мәліметінше, 28 маусымда өткен сайлауда сенатқа 14 облыс пен Алматы және Астана қалаларынан сенатқа 16 депутат сайланды.
Сенаттың босаған 16 депутаттық орнына 14 облыстан Дәурен Әділбеков (Ақмола облысы), Мұхтар Жұмағазиев (Ақтөбе облысы), Нұрлан Қылышбаев (Алматы облысы), Ғұмар Дүйсембаев (Атырау облысы), Дүйсенғазы Мусин (Шығыс Қазақстан облысы), Абдалы Нұрәлиев (Жамбыл облысы), Нариман Төреғалиев (Батыс Қазақстан облысы), Мұрат Бақтиярұлы (Қызылорда облысы), Жеңіс Нұрғалиев (Қостанай облысы), Бақытбай Шелпеков (Маңғыстау облысы), Нұржан Нұрсипатов (Павлодар облысы), Ерік Сұлтанов (Солтүстік Қазақстан облысы), Әлімжан Құртаев (Оңтүстік Қазақстан облысы), Рысқали Әбдікеров (Қарағанды облысы), Еділ Мамытбеков (Астана) және Динар Нүкетаева (Алматы) сайланды.
16 депутаттық мандатқа 38 үміткер тіркелген. Сенат депутаттарын 14 облыс пен Алматы және Астана қалаларындағы мәслихаттардың 3242 депутаты сайлады.
Сенаттағы 47 депутаттың 32-сін мәслихат депутаттары сайлайды, қалған 15-ін президент тағайындайды.
Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі - алты жыл. Әрбір үш жылда өкілеттігі аяқталған 16 депутат қайта сайланады. Соңғы рет сенат депутаттарын сайлау 2014 жылы өткен.