Accessibility links

Судья шымкенттік мұғалімнің соты ашық өтетінін айтты


Гүлжан Сәлімбаева, Нұртас Оңдасынов атындағы №38-мектеп мұғалімі. Шымкент, 5 маусым 2017 жыл.
Гүлжан Сәлімбаева, Нұртас Оңдасынов атындағы №38-мектеп мұғалімі. Шымкент, 5 маусым 2017 жыл.

Шымкенттегі Еңбекші аудандық сотында 38-мектептің мұғалімі, «міндетінен тыс жұмысқа тартылып, директордан қысым көргенін» айтқан Гүлжан Сәлімбаеваның үстінен мектеп директоры мен орынбасарлары түсірген шағымды қарап жатқан судья Қайрат Ізбасаровтан жәбірленушілердің қорғаушысы сот отырысын жабық өткізуді сұрады.

Бүгінгі сот отырысына жергілікті қоғамдық қор мен қоғамдық бірлестік өкілдері мен айыпталушы мұғалім Гүлжан Сәлімбаеваны жақтаушылары, Сәлімбаеваның сенімді өкілі Маржан Аспандиярова мен жәбірленушілер және олардың қорғаушысы қатысты.

Судья Қайрат Ізбасаров сот отырысына қатысушыларға құқықтарын түсіндірді.

Жәбірленушілердің (мектеп директоры мен орынбасарлары) қорғаушысы судьядан сот отырысынан жазылған жазбалар әлеуметтік желіде талқыланып жатқынын және бұл жәбірленушілердің ар-намысы мен беделіне нұқсан келтіретінін айтып, сот отырысын жабық түрде жүргізуде сұрады. Жәбірленушілер қорғаушысын қуаттады.

Айыпталушының сенімді өкілі Маржан Аспандиярова мектеп директоры және оның орынбасарлары мен мұғалімнің арасындағы жағдай қоғамдық резонанс тудырып отырғанын, әлеуметтік желідегі комментарийлер соттың шешіміне қандай да бір ықпал етпейтінін айтып, сот әділ шешім шығаруы үшін соттың ашық өткені дұрыс екенін алға тартты.

Судья жәбірленуші тараптың талап-тілегін қанағаттандырусыз қалдырып, соттың ашық өтетінін хабарлады.

Маржан Аспандиярова соттан сот отырысынан тікелей хабар жасауға, аудио, видео жазба жазуға, фотоға түсіруге рұқсат етуін сұрады. Судья соттың видеожазба жазып жатқанын ескертіп, сот процесіне қатысушыларға тек қана аудиожазба жазуға рұқсат етті. Жазылған аудиожазбаны ешқайда жариялауға болмайтынын ескертті.

Маржан Аспандиярова іспен танысу үшін соттан бірнеше күн уақыт беруді сұрады. Сот істі қарауды 18 шілдеге қалдырды.

XS
SM
MD
LG