Accessibility links

Ауыл шаруашылығы министрлігі комитетінің экс-басшысы сотталды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Астананың қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауднаралық соты ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық қадағалау және бақылау комитетінің бұрынғы төрағасы Сақташ Хасеновті "аса ірі көлемде пара алды" деп айыптап, сегіз жылға соттады.

Астана қалалық сотының хабарлауынша, судья Әділхан Шайхыисламов Хасеновпен қоса бұрын ауыл шаруашылығы министрлігінде қызмет істеген Елена Решетьконы "лауазымды тұлғаның пара алуына болысты" деп айыптап, төрт жылға бас еркінен айыру жазасын кесті.

Сот үкімі бойынша Хасенов пен Решетьконың қылмыстық жолмен тапқан дүние-мүліктері тәркіленіп, екеуі де мемлекеттік лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылмақ.

Сот бұған қоса Қазақстан президентіне Сақташ Хасеновті мемлекеттік наградалары - "Құрмет" ордені мен "Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл" және "Қазақстан Республикасының конституциясына 20 жыл" мерейтойлық медальдерінен айыруға ұсыныс жасаған.

Сақташ Хасенов 2016 жылы 4 қарашада ұсталып, қамауға алынған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының ұйғарымынша, Хасенов пен оның сенімді өкілі Украинадан Қазақстанға бір мың тонна құс етін "кедергісіз өткізуге рұқсат беру үшін пара алып отырған". Бюро Хасенов бұл үшін "сыйлық" ретінде 37 миллион теңге (107 мың доллары) алған дейді.

56 жастағы Сақташ Хасенов 2015 жылдың маусым айынан бері ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетін басқарып келген. Ол 2005-2006 және 2010-2011 жылдары ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары қызметін атқарған.

XS
SM
MD
LG