Accessibility links

Ақ үй: АҚШ энергетикалық саясатының "алтын дәуірі" туып келе жатыр


Атом электр станциясы (Көрнекі сурет).
Атом электр станциясы (Көрнекі сурет).

АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ-тың энергетикалық саясатының "алтын дәуірін" бастайтын шаралар қабылдайтынын жариялады. Трамп елде енді ядролық энергетика саласы жаңарып, америкалық қуат көздерін экспорттауға қойылған шектеулер әлсірейтінін мәлімдеді.

Энергетика министрлігінде сөйлеген Дональд Трамп АҚШ бүкіл әлемге қуат көздерін сататынын және осы арқылы әлемдік масштабтағы "қуатын күшейтетінін" айтты. Сығымдалған газ Азия нарықтарына, көмір Украинаға экспортталып, шетелдің көмір жобаларын несиелендіруге салынған шектеулер жойылмақ.

Трамп әкімшілігі АҚШ-тың ішкі энергетика саласын дамытуда атом электр станцияларының (АЭС) тиімділігін арттыруға талпынбақ. АҚШ-та АЭС-те өндірілетін электр қуаты елде өндірілетін жалпы электр қуатының 20 пайызын құрайды.

Дональд Трамптың дәстүрлі қуат көздерін белсенді дамытуға мүдделілік танытуы "климатты сақтауды" қорғаушылардың алаңдаушылығын тудырып отыр. АҚШ президенті 1 маусымда Вашингтонның климат жөніндегі Париж келісімінен шығатынын жариялаған. Шілденің басында өтетін "Үлкен жиырмалық" елдерінің саммитінде басты назар ғаламдық жылыну мәселесіне арналады деген болжам бар.

XS
SM
MD
LG