Accessibility links

Шахандағы жарылысқа қатысты іс сотқа жетті


Шахан кентіндегі жылу қазандығының жарылуынан подъезі қираған үй. Қарағанды облысы, 2 қаңтар 2017 жыл.
Шахан кентіндегі жылу қазандығының жарылуынан подъезі қираған үй. Қарағанды облысы, 2 қаңтар 2017 жыл.

Қарағанды облысының Шахан кентінде тұрғын үйдегі жылу қазандығының жарылуына қатысты іс бойынша алғашқы сот тыңдауы 3 шілдеге белгіленді. Бұл ақпаратты Азаттыққа іс қаралатын Шахтинск қаласының соты растады. Шахтерлердің тоқырауға ұшыраған Шахан кентінде биыл қаңтардың 1-і күні болған бес қабатты үйде жыл қазандығы жарылып, үйдің подъезді құлаған кезде алты ересек адам мен үш бала қаза тапқан, екі адам жараланған. Сарапшылардың мәлімдеуінше, подъезд үйдің тура ішінде орнатылған жылу жүйесінің жарылуы салдарынан құлаған.

Бұл іс бойынша бес адам - Шахан кенті әкімі Мұрат Жақыпов, оның коммуналдық мәселелер жөніндегі орынбасары Әкетай Нәжмиден, коммуналдық мәселелер жөніндегі бас маман Мәрия Жұмабекова, Шахтинск қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар тасымалы, автожолдар және тұрғын үй инспекциясы бөлімі бастығының міндетін атқарушы Алмас Омарханов және Шахтинск қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің тұрғын үй секторы бас маманы Нұржан Маханбетов сотқа тартылып жатыр. Оларға "ауыр зардаптарға соқтырған қызметтік әрекетсіздікке" қатысты айып тағылған. Бірақ күдіктілер тағылған айыптарды жоққа шығарады. Оларға қатысты "кепіл" бұлтартпау шарасы қолданылған.

Бұл іс бойынша 11 адам - қаза тапқандар мен зардап шеккендердің туыстары жәбірленуші деп танылған. Сонымен қатар Шахтинск қаласының әкімдігі де жәбірленуші ретінде сотқа тартылып отыр. Әкімдік апаттан құтқару жұмыстарына бюджеттен бір миллион теңгеден астам қаржы жұмсалғанын айтып, мемлекетке шығын келтірілгенін мәлімдеген. 31 адам сотқа куәгер ретінде тартылмақ.

Қайғылы оқиға болған күні жылу қазандығында кезекшілік атқарған пеш жағушы оқиғадан кейін-ақ із-түзсіз жоғалған еді. Кейін оның үсік шалған мәйіті даладан табылған.

XS
SM
MD
LG