Accessibility links

OPCW: Хан-Шейхундағы шабуылда зарин газы қолданылды


Идлиб провинциясының Хан-Шейхун қаласында улы газдан зардап шеккен бала. Сирия, 4 сәуір 2017 жыл.
Идлиб провинциясының Хан-Шейхун қаласында улы газдан зардап шеккен бала. Сирия, 4 сәуір 2017 жыл.

Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым (OPCW - Organization for the Prohibition of Chemical Weapons) Сирияның Хан-Шейхун қаласында биыл сәуірде зарин газы немесе соған ұқсас улы зат қолданылғанын растады. Бұл туралы ұйымның арнайы комиссиясының есебіне сілтеме жасаған агенттіктер хабарлады.

OPCW сарапшылары Хан-Шейхун қаласы тұрғындарының көпшілігі адамның жүйке жүйесін зақымдайтын газ әсеріне ұшыраған деген тұжырым жасаған. Ол тұрғындардың кейбірі газдан өліп кеткен. Енді БҰҰ мен Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым оқиғаға нақты кімнің қатысы барын анықтау үшін біріккен тергеу жүргізбек.

Сарапшылар тұжырымына комментарий берген АҚШ мемлекеттік департаменті тұжырым Сирия президенті Башар Асад билігінің "жиіркенішті және аса қауіпті" химиялық қару қолданғанын айғақтайды деп мәлімдеді.

4 сәуірде Сирия оппозициясы улы газдан кем дегенде 80 адам қаза тапқанын хабарлаған. АҚШ пен бірқатар Батыс елдері Сирия билігін химиялық қарумен шабуыл жасады деп айыптаған. Дамаск мен оның одақтасы Ресей айыпты терістейді.

7 сәуірде АҚШ Сирия үкіметінің Идлиб провинциясына химиялық қарудан шабуыл жасайтын ұшақтар ұшып шықты делінген әуе базасын зымыранмен атқылаған. Кремль зымыран соққысын "басқыншылық" деп атаған.

XS
SM
MD
LG