Қырғызстанда тәуелсіз Zanoza.kg ақпараттық сайты президент Алмазбек Атамбаевқа тіл тигізді деп айыпталды. Сайт бір-бірінен жеке қарастырылып жатқан төрт іс бойынша сотты болып отыр. Zanoza.kg сайтына қарсы үш іс 29 маусымда Бішкектің Октябрь аудандық сотында қарала бастады. Төртінші іс 30 маусымда Бішкектің басқа бір аудандық сотында қарала бастайды.
Қырғызстан бас прокуратурасы осы жылдың басында Zanoza.kg мен журналист Нарын Айыпты 2015 жылдың қазанынан 2017 жылдың наурызына дейін жариялаған мақалаларында президентті тілдеді деп бес шағым түсірген. Журналист тағылған айыпардың саяси астары бар деп біледі.
Прокуратура моральдық шығын ретінде Zanoza.kg сайтының шығарушысы ProMedia медиаұйымынан және журналистен 27 миллион сом (шамамен 392 мың доллар) талап етеді.
Наурызда сот ProMedia-ның банктегі есепшотын бұғаттап, Нарын Айыптың Бішкектегі пәтерін арестке алған. Журналистің өзі ешқайда кетпеу туралы қолхат тапсырған.
Нью-Йоркте орналасқан "Журналистерді қорғау комитеті" Қырғызстан билігін ақпараттық сайт пен журналисті қудалауды тоқтатуға шақырған.
Осы жылдың басында Алмазбек Атамбаев Азаттықтың Қырғыз редакциясын оппозициялық "Ата Мекен" партиясының жетекшісі, қамаудағы Омурбек Текебаевтың мәлімдемесінен үзінді келтіргені үшін өзіне жала жапты деп айыптаған соң прокуратура редакцияға қарсы шағым түсірген. Кейін шағым Атамбаевтың ұсынысымен қайтарылып алынған.