Accessibility links

Астана соты: Бағлан Майлыбаев бес жылға сотталды


Бағлан Майлыбаевтың Қазақстан президенті әкімшілігі басшысының орынбасары кезіндегі суреті. Астана, 19 ақпан 2015 жыл.

Астана қалалық соты бүгін президент әкімшілігінің бқұрынғы жоғары шенді қызметкерлері, мемлекеттік құпияны заңсыз жинау, тарату және әшкере ету" айыбы тағылған Бағлан Майлыбаев пен Николай Галихинге үкім шыққанын хабарлады. Азаттықтың сотқа 22 маусымда жолдаған сауалына қайтарған жауапта Астананың Есіл аудандық №2 соты 2017 жылдың 13 маусымында Бағлан Майлыбаев пен Николай Галихинге қатысты істі қарағаны айтылады. Сот мәліметінше, сотталушылар Қылмыстық кодекстің 361-бабының 3-тармағы ("Қызмет бабын теріс мақсатта пайдалану") және 185-бабының 3-тармағы ("Мемлекеттік құпияларды заңсыз жинау, тарату,
жария ету") бойынша қылмыс жасағанын мойындайтыны туралы процессуалдық келісім жасасқан.

Сот үкімі бойынша Майлыбаев аталған баптар бойынша айыпты деп танылып, бес жылға сотталған. Сот Майлыбаевқа дүние-мүлкін тәркілеп, мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру үкімін кескен.

"Николай Галихин 185-баптың 3-тармағы бойынша айыпты деп танылып, төрт жыл мерзімге шартты жаза, мемлекеттік органдарда лауазымды қызметтер атқару құқығынан үш жылға айыру жазасы кесілді" делінген Астана қалалық соты баспасөз қызметінің Азаттыққа жауабында.

Сот Азаттық сауалына жауабын алты жұмыс күні өткен соң берді. БАҚ туралы заң бойынша, мемлекеттік органдар ресми сауалға үш күн ішінде жауап беруі тиіс.

Жұма күні Астана соты ресми сайтында Бағлан Майлыбаев пен Николай Галихинге үкім шыққаны туралы ақпарат жариялады. Сот үкімімен Қазақстан президентіне сотталушыларды мемлекеттік наградаларынан айыру туралы ұсыныс жасалған. Үкім заңды күшіне енген. Сот қылмыстық іс құпия деп танылғандықтан жабық түрде қаралғанын айтады.

Президент әкімшілігі жетекшісінің бұрынғы орынбасары Бағлан Майлыбаев қаңтардың 12-сі күні қызметінен босатылып, сол күні ұсталған. Онымен бірге президент әкімшілігі ішкі саясат бөлімі бастығының орынбасары Николай Галихин де ұсталған. Қаңтардың 14-і Астананың Есіл аудандық соты Майлыбаев пен Галихинді екі айға тұтқындауға шешім шығарып, екеуі ҰҚК-нің Астанадағы тергеу абақтысына қамалған. Содан бері оларды қамау мерзімі бірнеше рет ұзартылған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG