Accessibility links

Дәрігерлер жас велоспортшы өлімінің себебін атады


Дана Ахметова, жас велосипедші. Сурет Солтүстік Қазақстан облыстық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектептің тақтасынан түсірілген. 30 маусым 2017 жыл.
Дана Ахметова, жас велосипедші. Сурет Солтүстік Қазақстан облыстық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектептің тақтасынан түсірілген. 30 маусым 2017 жыл.

Дәрігерлер Алматыда ауруханада "ыстық өтуі салдарынан" көз жұмған велосипедші Дана Ахметоваға "дер кезінде көмек көрсетілмегенін" жоққа шығарды.

Дана Ахметова 29 маусымда Алматыдағы қалалық №7 аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмған.

Спортшының ағасы Әмірбек Ахметов Азаттыққа қарындасы "алғашқы көмек дер кезінде көрсетілмегендіктен" қайтыс болған деген пікір білдірді.

Қазақстан велосипед спорты федерациясының ақпаратына сәйкес, 17 жастағы жас спортшы 23 маусымда Алматы қаласында өткен IV Жастар спорт ойындарында есінен танып, жансақтау бөліміне жеткізілген.

Әмірбек Ахметовтің сөзінше, қарындасы жарыста ыстық өткендіктен жылдамдығы бәсеңдей бастаған.

- Ол дұрыс жүре алмағандықтан бапкері жанына барған. Ол біраз уақыт жатып қалған. Кейін жедел жәрдем алып кеткен, - дейді Әмірбек Ахметов.

- Жансақтау бөліміне жеткізгенге дейін, үш сағат құры жатқанын білемін. Бапкері оның қатты айқайлағанын айтты. Алғашқы көмекті бірден көрсету керек екенін барлығы біледі. Ол осы себептен қайтыс болды деп ойлаймын, - деді Әмірбек Ахметов.

Дана Ахметованың "ыстық өткенін" жергілікті агенттіктерге Алматыдағы қалалық №7 аурухананың бас дәрігері Марат Абдуллаев растағанымен, науқасқа "дер кезінде көмек көрсетілмегенін" жоққа шығарған. Дәрігердің сөзінше, спортшы "ыстық тиіп, ағзасы құрғауы салдарынан ағзалары зақымданып" қайтыс болған.

"Жарыс кезінде ол есінен танып, жедел жәрдеммен өте ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Науқас бірден жансақтау бөліміне жатқызылып, жедел шаралар жасалды. Тексеру кезінде ағзаларының зақымданғаны анықталды" деген Абдуллаев Bnews.kz сайтына. Дәрігер Ахметоваға барлық емдеу шаралары жасалғанымен, жағдайы жақсармаған күйі көз жұмғанын айтқан.

Дана Ахметова 8-сыныптан бастап Солтүстік Қазақстан облыстық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектепте білім алған. Жас спортшы 2016 жылдан бастап Олимпиялық дайындық орталығының спортшылар тізіміне алынған.

XS
SM
MD
LG