Accessibility links

Назарбаев: МАГАТЭ-нің уран банкі тамыздың соңында ашылады


Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті.

Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) Қазақстандағы әлсіз байытылған уран банкі биыл 29 тамызда ашылады деп мәлімдеді Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. ҚазАқпараттың хабарлауынша, Назарбаев бұл туралы бүгін Астанада шетелдік дипломатиялық миссиялар басшыларымен кездесуінде айтты.

"Биыл 29 тамызда, Халықаралық ядролық сынаққа қарсы іс-қимыл күні Астанада ядолық қарусыздану және бейбітшілікті қолдайтын ғалымдардың Пагуош қозғалысына 60 жыл толғанына арналған мерейтойлық сессия өткізбекпіз. Осы күні МАГАТЭ-нің Қазақстан территориясындағы алғашқы әлсіз байытылған уран банкін ашу салтанаты болады" деді Назарбаев.

Президенттің сөзінше, Қазақстан тағайындаған ядролық қарусыздану саласындағы алғашқы сыйлық та осы күні тапсырылмақ.

Ғалымдардың қауіпсіздік, қарусыздану және ғылыми ынтымақтастық саласындағы халықаралық үкіметтік емес ұйымы - Пагуош қозғалысы 1955 жылы құрылып, 1957 жылы алғашқы конференциясы өткен.

МАГАТЭ мен Қазақстан үкіметі арасында әлсіз байытылған уран қоры банкін құру туралы келісім 2015 жылы тамызда жасалған. Қазақстан үкіметінің мәлімдеуінше, уран резерві - негізінен, дербес қор, ол тек әлемдік уран нарығында дағдарыс туындаған жағдайда пайдаланылады. Қалыпты жағдайда бұл қордың қажеті болмайды.

Келісім бойынша, әлсіз байытылған уран қорын тасымалдау, оның салығын төлеуге қатысты шығындарын МАГАТЭ көтереді. Қазақстан тек МАГАТЭ қорын сақтауға, коммуналдық шығындарға және банк қызметкерлеріне байланысты шығындарды мойнына алады. Атом электр станциялары тұтынатын әлсіз байытылған уран қоры Өскемендегі Үлбі металлургия зауытында гексофторид түрінде цилиндрлерде сақталмақ.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG