Accessibility links

ОҚО тұрғындарын солтүстік облыстарға қоныстандыру жайы талқыланды


Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев (сол жақта) облыс тұрғындарын солтүстік өңірлерге қоныстандыру жайы талқыланған жиында отыр. Шымкент, 3 шілде 2017 жыл.
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев (сол жақта) облыс тұрғындарын солтүстік өңірлерге қоныстандыру жайы талқыланған жиында отыр. Шымкент, 3 шілде 2017 жыл.

Шымкентте 3 шілдеде халқы тығыз орналасқан Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарын Қазақстанның солтүстік аймақтарына көшіру жайы талқыланды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

- Бұл өте өзекті мәселе. Қазір Оңтүстік Қазақстан облысының халқы үш миллион адамға жуықтады. Солтүстік Қазақстан облысында 468 мың адам, Павлодар облысында 552 мың адам тұрады. Мақтарал және Сарыағаш аудандарының халқы 700 мыңға жақындады. Жыл сайын 80 мыңнан аса өмірге келеді. Бұл - бес жылда 400 мың адам деген сөз. Яғни, кішігірім облыс, - деді облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бүгін облыс әкімдігінде өткен еңбек күші мол аймақтардан солтүстік өңіріне көшіп-қону мәселесіне арналған жиында.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мұхит Отаршиевтің айтуынша, соңғы бес жылда облыста халық саны 272 мың адамға артқан. Облыста бір шаршы шақырымға есептегенде халықтың орташа тығыздығы 22 адаман келеді. Бұл - республиканың көрсеткішінен үш есе артық.

- Бүгінге дейін облыста тұрғын үй салу үшін жер телімін алуға 73 мыңға жуық адам өтініш берген. 43 мың адам баспана кезегінде тұр, - дейді ол.

Мұхит Отаршиев облыста бір миллионнан аса адам жұмыспен қамтылғанын, олардың 552 мыңы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар екенін айтады. "Бұл мәселелердің барлығы алдағы уақытта қиыншылықтар тудыруы мүмкін" дейді ол.

Облыс әкімі жиын соңында халық тығыз орналасқан Сарыағаш және Мақтарал ауданы әкімдеріне солтүстік аймақтарға көшуге ниетті тұрғындармен жұмыс істеуге тапсырма берді.

Облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр Азаттыққа Оңтүстік Қазақстан облысынан әкімдік арқылы солтүстік аймақтарға көшіп барған отбасылардың "бірде-бірі кері қайтпағанын" айтады.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің дерегінше, Оңтүстік Қазқстан облысынан көшіп барған 10 отбасы әртүрлі себептермен кері көшіп кеткен.

Ресми мәлімет бойынша, Оңтүстік Қазақстан облысынан солтүстік аймақтарға 154 отбасы қоныс аударған. 2017 жылы 288 отбасына квота беру белгіленген.

XS
SM
MD
LG