Accessibility links

Астана: Сирия оппозициясы келіссөзге қатысатынын растады


Қайрат Абдрахманов, Қазақстан сыртқы істер министрі.
Қайрат Абдрахманов, Қазақстан сыртқы істер министрі.

Сирия қарулы оппозициясының өкілдері Астанада өтетін келіссөздің келесі кезеңіне қатысатынын растады деп хабарлады Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Абдрахманов. Оның сөзінше, 4-5 шілдеде өтеді деп жоспарланған келіссөзге мамырдың басында Астанада өткен келіссөзге қатысқан делегация өкілдері қатысады.

"Астана процесіндегі гарант елдер - Ресей, Түркия және Иранның жоғары деңгейдегі делегация өкілдері қатысатыны белгілі болды. Бүгін Сирия үкіметінің делегациясы ұшып келеді. Сирия қарулы оппозициясының өкілдері де қатысатынын растады" деді Абдрахманов.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Астанада дипломатиялық миссия басшыларымен кездесуде алда болатын Сирия бейбіт келіссөзінің кезекті раунды табысты болатынынан үмітті екенін білдірген. Ол сонымен қатар Қазақстан келіссөзге әлі де алаң ұсына беретінін мәлімдеген.

Қайрат Абдрахмановтың айтуына қарағанда, кездесуге АҚШ мемлекеттік хатшысының Таяу Шығыс аймағы бойынша көмекшісінің міндетін атқарушы Стюарт Джонс және БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура да қатыспақ.

XS
SM
MD
LG