Бішкек соты бас прокуратураның тәуелсіз Zanoza.kg ақпараттық сайтына қарсы "президенттің абыройы мен қадыр-қасиетін қорғау туралы" шағымын қанағаттандырды. Қырғызстан бас прокуратурасы бұған дейін Zanoza.kg мен журналист Нарын Айыпты 2015 жылдың қазаны мен 2017 жылдың наурызы аралығында жариялаған мақалаларында президент Алмазбек Атамбаевқа тіл тигізді деп айыптаған. Журналист тағылған айыптың саяси астары бар дейді.
Аудандық соты прокуратура шағымын қанағаттандырып, бес күн ішінде терістеу мақаласын жариялауға және журналист Нарын Айып пен Zanoza.kg сайтының шығарушысы ProMedia ұйымының әрқайсысынан үш миллион сом (шамамен 43 мың доллар) өндіртіп алуға шешім шығарған.
Сот өткен аптада "Адилет" құқықтық ұйымының директоры Чолпон Жакуповаға, Нарын Айыпқа, Zanoza.kg сайтының бас редакторы Дина Масловаға және ProMedia-ға қарсы Алмазбек Атамбаевтың абыройы мен қадыр-қасиетін қорғау туралы берілген шағымды да қанағаттандырып, әрбір жауапкерден президенттің пайдасына үш миллион сомнан өндіріп алуға шешім шығарған.
Жауапкер тарап сот шешіміміен келіспейді және оған апелляциялық шағым бермек.