Accessibility links

Министр: Сирия келіссөзінде деэскалация туралы келісімді орындау талқыланады


Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов журналистерге сұхбат беріп тұр. Астана, 4 шілде 2017 жыл.

Астанада басталатын Сирия бейбіт келіссөзінің кезекті бесінші кездесуінде Сирияда төрт деэскалация аймағын құру туралы меморандумды іске асыру жолдары талқыланады деп мәлімдеді Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов. Келіссөз Rixos President Astana қонақүйінде өтеді.

Астанада журналистерге сұхбат берген Абдрахманов келіссөз негізінен гарант елдер Ресей, Түркия және Иран арасында өтіп жатқанын айтты. Келіссөзге Ресей билігінің жоғары шенді өкілдері, Түркия, Иран сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары, Сирия үкіметінің делегациясы, Сирия қарулы оппозициясы делегациясының тоғыз өкілі келген.

"Бұл меморандумды іске асыруда деэскалация зоналарының шекарасын айқындау, зоналардың қызмет етуін бақылау, олардың шекараларында қадағалау-өткізу бекеттерін орнату мәселелерін талқылау өте маңызды" деді Әбдірахманов. Оның сөзінше, гарант елдер сонымен қатар Сирия территориясындағы ЮНЕСКО қорғауына алынған тарихи, мәдени нысандарды минадан тазарту мәселелерді де талқыламақ.

Әбдірахмановтың айтуына қарағанда, Ресейдің Сириядағы қақтығысты тоқтату режимін бақылау орталығының мәліметінше, Сириядағы атысты тоқтату режиміне 65-ке жуық оппозициялық қарулы топтар қосылған.

Бесінші кездесу бастапқыда 12–13 маусымға белгіленіп, бірақ кейінге шегерілген. Осыған дейінгі кездесуде гарант елдер - Ресей, Түркия және Иран Сирияда төрт қауіпсіздік аймағын құру жөнінде меморандум жасаған. Бірақ оппозиция Ресейдің бұл жоспарынан бас тартқан.

Сириядағы жанжалда Иран мен Ресей Сирия президенті Башар Асадты қолдайды. Ал Түркия кейбір қарулы көтерілісшілерді жақтайды.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG