Accessibility links

Алматыда студент өліміне қатысты сот үкімі шықты


Тойшыбек Асамов сот отырысында. Алматы. 4 шілде 2017 жыл.
Тойшыбек Асамов сот отырысында. Алматы. 4 шілде 2017 жыл.

Алматының Бостандық аудандық 2-сотында Қазақ ұлттық аграрлық университетінің (ҚазҰАУ) студенті Дидар Болысбектің өліміне қатысты сот үкімі шықты.

Судья Арай Нұғманова бұл іс бойынша сотқа тартылған ҚазҰАУ-дың 2-курс студенті Тойшыбек Асамовты кінәлі деп танып, дүние-мүлкін тәркілеп, сегіз жылға соттады. Ол жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіз бөлімінде өтейді. Асамовтың адвокаттары апелляциялық шағым беретіндерін айтты.

Биыл 12 сәуірде Қазақ ұлттық аграрлық университетінің жатақханасында 1 және 2-курс студенттері арасында төбелес болып, 1-курс студенті Дидар Болысбек қаза тапқан. Осы іске қатысты 2-курс студенті Тойшыбек Асамов қамауға алынған. Болысбектің курстастары алғашқы сот отырысында "Асамов бастаған 2-курс студенттері әлімжеттік жасап, 5 мың теңге жинап беруді талап етті. Талапты орындамаған соң соқты" деп жауап берген. Асамовқа қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлігі ("Адам денсаулығына қасақана ауыр нұқсан келтіру"), 194-бабының 1-бөлігі ("Күштеп мүлкін тартып алу") бойынша айып тағылған.

Асамов оқиға орнында болғанын растағанымен, өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG