Accessibility links

"Халық банк" Казкоммерцбанк акцияларын сатып алу процесін аяқтады


Үміт Шаяхметова, "Халық банктің" басқарма төрағасы.

"Халық банк" сәрсенбіде Кеңес Рақышев пен "Самұрық-Қазына" қорынан Казкоммерцбанктің 96,81 пайыз акциясын сатып алу операциясының аяқталғанын жариялады. Казкоммерцбанктің 86,09 пайыз акциясы Рақышевтан, 10,72 пайызы қордан сатып алынған.

Келісім тараптар қажетті алдын ала шарттарды орындаған соң аяқталды деп хабарлады "Халық банктің" баспасөз қызметі. Бұл шарттардың қатарында "Халық банк" пен Ұлттық банктің кешенді тексерулерді аяқтау, Рақышевтің "Казкоммерцбанкті" құрушылардың бірі Нұржан Сұбханбердиннен және Орталық Азия инвестициялық компаниясынан акциялар пакетін алу, БТА банкінің Казкоммерцбанкке қарызын толық өтеу, мақұлдауын алу, Казкоммерцбанктің "Самұрық-Қазына" алдындағы қарызын төлеу бар.

"Халық банк" Ұлттық банкпен келісімі бойынша Казкоммерцбанкке 185 миллиард теңге (шамамен 570 миллион доллар) капитал салуды жоспарлап отырғанын айтады.

15 маусымда Казкоммерцбанктің ірі акционерлері Кеңес Рақышев пен "Самұрық-Қазына" қоры Алматыда "Халық банкпен" сатып алу сату келісімге қол қойған. Келісім бойынша, Рақышев пен "Самұрық-Қазына" Казкоммерцбанктің өздеріне тиесілі акция пакеттерін "Халық банкіне әр пакетін бір теңгеден сатуға міндеттелген.

Казкоммерцбанк пен "Халық банк" бірігу туралы мәміле жүріп жатқаны жайлы осы жылдың басында хабарлаған. Бұл екі банктің елдегі банк секторындағы үлесі 38 пайызға жетеді.

Қазақстанның Ресейдегі елшісі, бұрынғы вице-премьер Иманғали Тасмағамбетовтің күйеубаласы Кеңес Рақышев Казкоммерцбанк капиталына 2015 жылы енген. 2016 жылы сәуірде оның банктегі акциясы 71,23 пайызға дейін артқан.

"Халық банкінің" ең ірі акционері Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динара Құлыбаева мен күйеубаласы Тимур Құлыбаев бірге иелік ететін "АЛМЭКС" холдингі саналады. Ерлік-зайыпты Құлыбаевтар америкалық Forbes журналы жариялайтын әлемнің ең бай адамдары тізіміне енген. Журналдың мәліметінше, Құлыбаевтардың байлығы төрт миллиард доллардан асады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG