Accessibility links

Ресей өкілі "Сирияға әскер жіберу" туралы айтты


БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура (сол жақта) мен Ресей делегациясының Астанадағы Сирия бейбіт келіссөзіндегі делегациясының басшысы Александр Лаврентьев. Астана, 4 мамыр 2017 жыл.
БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура (сол жақта) мен Ресей делегациясының Астанадағы Сирия бейбіт келіссөзіндегі делегациясының басшысы Александр Лаврентьев. Астана, 4 мамыр 2017 жыл.

Астанадағы Сирияға байланысты өткен келіссөзге қатысқан Ресей делегациясының өкілі Александр Лаврентьев "кейбір ТМД елдеріне Сирияға әскер жіберуі туралы айтылған" хабардың жайын түсіндірді. Оның сөзінше, Сирияға әскер жіберу туралы ұсынысты Ресей айтқан.

"Әскери бақылаушыларды Сирияға жөнелту туралы ешкім мәжбүрлемейді. Бұл ұсыныс болатын. Егер Қазақстан басшылығы әскери контингентін Сирияға жіберсе, біз қарсы емеспіз" деді Александр Лаврентьев.

Бұған дейін Түркия мен Ресейдің Қазақстан мен Қырғызстанға Сирияға әскер жіберу туралы ұсыныс жасағаны туралы ақпарат тараған. Бұл хабардан кейін Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов "Сирия дағдарысы шешу жолында Қазақстан ешкімнің ықпалына түспейтінін, қақтығыс аймақтарына әскер жіберу мәселесі тек БҰҰ деңгейінде ғана қаралуы керек деп санайтынын" айтқан.

Сирия қақтығысына байланысты Астанада өтіп жатқан келіссөздің бесінші кезеңі бүгін аяқталды. Қазақстан тарабының айтуынша, жұмыс тобына Сирияда деэскалация аймағын құру бойынша техникалық мәселелерді жетілдіру тапсырылған.

Астанада өткен келіссөзге БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура, Ресей билігінің жоғары шенді өкілдері, Түркия, Иран сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары, Сирия үкіметінің делегациясы, Сирия қарулы оппозициясы делегациясының тоғыз өкілі келген.

Астанада 4-5 шілдеде өткен бұл жолғы кездесу бастапқыда 12-13 маусымға белгіленіп, бірақ кейінге шегерілген. Осыған дейінгі кездесуде гарант елдер - Ресей, Түркия және Иран Сирияда төрт қауіпсіздік аймағын құру жөнінде меморандум жасаған. Бірақ оппозиция Ресейдің бұл жоспарынан бас тартқан.

Қазақстан сыртқы істер министрі дерегінше, Сирияға қатысты бұл процестің келесі кездесуі 1-2 тамыз күндері Иранда, одан кейін тамыздың соңғы аптасында Астанада өтпек.

Сириядағы жанжалда Иран мен Ресей Сирия президенті Башар Асадты қолдайды. Ал Түркия кейбір қарулы көтерілісшілерді жақтайды.

XS
SM
MD
LG