Accessibility links

Өзбекстан Ресей бастаған ҰҚШҰ-ға қосылмайтынын мәлімдеді


Өзбекстанның сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов.
Өзбекстанның сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, 5 шілде күні Өзбекстанның сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов елінің Ресей бастаған Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) қосылмайтынын мәлімдеген. Өзбекстан министрі "Елдің басшылығы өзгергенімен, саясаты өзгермейтінін" айтқан.

Өзбекстан Ресей бастаған Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) қосылмайтынын осы елдің бұрынғы президенті Ислам Каримовтің тұсында да мәлімдеген еді. Ислам Каримов халық саны 30 миллионнан асатын бұл елді 1989 жылдан 2016 жылға дейін басқарып, миына қан құйылуы себепті былтыр қайтыс болған.

Каримовтің Мәскеумен қатынас саясаты нашар болып, Кремльдің ықпалы басым ҰҚШҰ-дағы мүшелігін Өзбекстан 1999-2006 жылдар аралығында тоқтатып қойып, 2012 жылы бұл әскери блоктан мүлде шығып кеткен еді.

Каримов қайтыс болғаннан кейін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев болды. Ол Мәскеумен байланысты нығайтатынын айтқанда кейбір сарапшылар Өзбекстан ҰҚШҰ сапына қайтып оралатын шығар деген болжам жасаған.

Бірақ 5 шілде күні сауалдарға теледидар арқылы жауап берген Камилов «ҰҚШҰ-ға қосылу мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ... Бұл мәселені болашақта да қарастыру жоспарымыз жоқ» деген.

ҰҚШҰ-да ықпалы басым саналатын Ресей Орталық Азия елдерін өзінің ықпал аймағына жатқызады. Бірақ аймақтағы бес елдің үшеуі ғана ҰҚШҰ-ға мүше болып отыр. Олар: Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан.

XS
SM
MD
LG