Accessibility links

Ресей зымыраны Байқоңырдан келесі апта ұшады


Байқоңырдағы Ресей зымыраны. (Көрнекі сурет)
Байқоңырдағы Ресей зымыраны. (Көрнекі сурет)

Ресейдің РОСКОСМОС мемлекеттік ғарыштық корпорациясының ресми сайтында Қазақстандағы Байқоңыр ғарыш айлағынан 14 шілде күні «Союз-2.1а» зымыран тасығышы арқылы «Канопус-В-ИК» аппараты ұшырылатыны жазылған. Аппарат Байқоңырға 9 маусым күні апарылған. Қазір оны ұшыруға дайындық жүріп жатыр.

РОСКОСМОС ақпаратына қарағанда, Жер бетін қашықтан бақылайтын «Канопус» аппараттары Ресейдің төтенше жағдайлар министрлігін, табиғат министрлігін, Росгидромет мекемесін және Ресей ғылым академиясын, т.б. мекемелерді төтенше жағдайлар, орман өрттері, табиғатты ластайтын заттардың таралғаны, гидрометеорологиялық құбылыстар, топографиялық карталар, жер пайдалану туралы ақпаратпен қамтамасыз етеді.

Ресей зымырандары Байқоңыр ғарыш айлағынан жиі ұшыралады. 2017 жылы 14 маусым күні кешке Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшқан Ресейдің "Союз-2.1а" зымыран-тасығышы қалдықтары Жезқазған маңына құлап, шыққан өртті сөндіру кезінде 1964 жылы туған ер адам қаза тапқан. Бұл оқиға салдарынан 1968 жылы туған тағы бір адам жараланып, ауруханаға түскен болатын. Шілденің 1-і күні оның да жан тапсырғаны хабарланды. Қазақстан ішкі істер министрлігінің төтенше жағдайлар комитеті зымыран қалдықтары жоспарлы аумаққа құлағанын мәлімдеген болатын.

Қарағанды облысындағы «зымыран құлады» деген оқиғалардың әйгілісі 2007 жылы 6 қыркүйекте болған. Сол күні ресейлік «Протон-М» зымыран тасығышы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев сапарда жүрген Жезқазған қаласынан 40 километр жерге құлап, бірнеше жүз тонна улы зат – гептил төгілген. Бұл экологиялық апатқа наразы Қазақстан Ресейден 60 миллион доллар өтемақы талап етіп, ақыры Ресей 2,5 миллион доллар төлеуге келіскен.

Қазақстан 2013 жылы 2 шілде күні Байқоңырдан ұша бере жарылып кеткен «Протон-М» тигізген шығынның есесіне Ресей 89 миллион АҚШ доллары төлеуі тиіс деп бағалаған. Кейінірек «Қазақстан жағының шеккен шығынды дәлелдей алмағаны», «Ресейдің өтемақы төлемейтіні» хабарланған. Бұл туралы Азаттық Қазақстанның арнайы органдарына және ресейлік «Роскосмосқа» сауал жолдағанымен, жауап ала алмаған.

XS
SM
MD
LG