Лондонда орналасқан BBC медиа-корпорациясының Өзбек редакциясы 5 шілде күні "бірқанша үзілістен кейін Өзбекстандағы жұмысын қайта жалғастыруға дайындалып жатқанын" мәлімдеді.
Осыған орай BBC редакциясы Ташкенттегі корреспонденттер бюросына жұмысқа алу үшін журналистер арасында конкурс жариялаған.
BBC-дің Өзбек редакциясының сайтында жарияланған хабарландыруда «Біз журналистерден шығармашылық тапқырлық, жаңа тақырыптар күтеміз. Олар әртүрлі саладағы қызметкерлермен жұмыс істей білуі, әртүрлі елдерде жүре алуы керек. Ташкенттегі Өзбек редакциясының тілшілері Өзбекстандағы оқиғалар мен жаңалықтар туралы тек қана Өзбекстан азаматтарына ғана емес, бүкіл әлемге хабар таратады» деп жазылған. Ташкенттегі тілшілер бюросы қашан ашылатыны, одан басқа да қосымша деректер хабарланбаған.
BBC мен Азаттықтың Өзбек қызметі кеңселері 2005 жылғы Әндіжан қанды оқиғасынан кейін жабылған. Бұл екі ақпарат құралының тілшілері елден тысқары жүріп жұмыс істеуге мәжбүр болған. Әндіжан оқиғасынан кейін шетелдік БАҚ журналистерінен бөлек, құқық қорғайтын халықаралық ұйымдардың да өкілдері елден қуылған. Олар Әнжідан оқиғасы туралы билік таратқан ресми ақпараттарды сынаған еді.
Кейбір сарапшылардың сөзіне қарағанда, BBC-дің Өзбек редакциясы жұмысының қайта жандануына Өзбекстанның жаңа президенті Шавкат Мирзияевтің елдегі сөз бостандығына қатысты жұмсақ саясаты себеп болып отыр.
Өзбекстанның сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов 5 шілде күні адам құқықтарын қорғайтын халықаралық Human Rights Watch және басқа үкіметтік емес халықаралық ұйымдардың елде қайта жұмыс істей бастайтынын айтқан еді.
2005 жылы 13 мамырда Әндіжан қаласында алаңға шыққан жұртқа Өзбекстан полициясы оқ жаудырып, ресми дерек бойынша 187 адам қаза тапты.