Accessibility links

Лавров: АҚШ-тың Сирия жайлы ұсынысы - дұрыс бағыттағы қадам


Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров.
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Вашингтонның Мәскеумен Сирияда әріптестік орнатуға деген ниетін "дұрыс бағыттағы қадам" деп мәлімдеді. Бірақ, оның сөзінше, АҚШ-тың Сириядағы "ұшуға болмайтын аймақ" құру туралы ұсынысына қатысты қосымша ақпарат қажет болмақ.

"Бұған дейін ешқашан сөз болмаған ұшуға болмайтын ол қандай аймақтар екені туралы жолдаған сауалымызға әзірше жауап алған жоқпыз", - деген Лавров шілденің 6-сы күні Парижге сапары кезінде.

Қазіргі уақытта Ресей Түркия және Иранмен бірге Сирияда төрт "қауіпсіздік аймағын" құру туралы жоспар ұсынып отыр. Ол аймақтарда әуе шабуылына тыйым салу көзделген.

Бұған дейін АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон Вашингтонның Сириядағы тұрақтылықты қамтамасыз ету тетіктерін, соның ішінде ұшуға болмайтын аймақтар, гуманитарлық көмек жеткізуді, бақылаушыларды орналастыруды үйлестіру мәселелері бойынша механизмдерді Ресеймен бірігіп жасауға әзір екені туралы мәлімдеген. Ол мұны 7-і күні АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путиннің шілденің 7-і күні Германияда басталатын "Үлкен жиырмалық" саммиті аясында жоспарланған кездесуі қарсаңында айтқан.

Трамп президент қызметіне кіріскеннен кейін жасаған мәлімдемесінде азамат соғысы жүріп жатқан Сирияда бейбіт халықты зардап шегуден қорғау мақсатында "қауіпсіздік аймақтарын" құру туралы айтқан болатын.

XS
SM
MD
LG