Гамбургте басталған "Үлкен жиырмалық" (G20) cаммитіне қатысушылар АҚШ президенті Дональд Трампты "еркін және адал сауда" принциптерін ұстануға шақыруға ниетті. Бұл туралы форумның алғашқы күні аяқталған соң журналистер алдында сөйлеген сөзінде Германия канцлері Ангела Меркель мәлімдеді.
Жұма күні саммит ашылған соң Трамп радио арқылы тараған үндеуінде "АҚШ-тан жұмыс орнын ұрлап, Американың гүлденуіне кедергі келтіріп отырған шетелдіктер" туралы мәлімдеген. Экономикалық кеңпейілділік танытатын уақыттың өткенін айтып, сыртқы саудада ұлттық мүдделерді қорғауға шақырған сөзінде Трамп "Үлкен жиырмалық" саммиті туралы ештеңе демеген.
Бұған дейін G20 елдері жетекшілері кездесуінің ашылуында сөйлеген Еурокомиссия басшысы Жан-Клод Юнкер президент Трамптың АҚШ нарығынан еуропалық металлургия компанияларын ығыстырмақ болып отырған ниетіне байланысты алаңдаушылық білдірген.
Шілденің 7-і күні қабылданған бірлескен мәлімдемеде "Үлкен жиырмалық" елдері терроризммен күрес саласында жылдам ақпарат алмасуға жәрдемдесуге міндеттеме алатыны айтылған.
Бұған дейін Гамбургтегі G20 саммитіне қатысушылар АҚШ-ты ғаламдық климат туралы Париж келісімінен шықпауға шақырған.