БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде АҚШ Солтүстік Кореяға құрлықаралық баллистикалық зымыранды сынақтан өткізгені үшін жаңа санкция салу туралы Қауіпсіздік кеңесі қарары жобасын Қытайға тапсырды.
Әдетте БҰҰ-дағы АҚШ пен Қытай өкілдері Пхеньянға қарсы санкцияны қатаңдату жоспарын алдын ала талқылайды. Содан кейін құжатпен Қауіпсіздік кеңесінің вето қою құқығына ие өзге тұрақты мүшелері танысады: Ұлыбритания мен Францияға жобаны АҚШ, Ресейге – Қытай ұсынады.
Бұған дейін БҰҰ жанындағы АҚШ-тың тұрақты өкілі Никки Хейлидің Солтүстік Кореяға жаңа санкция салу туралы ұсынысына байланысты Ресей проблеманы мұндай әдіспен шешу мүмкін емес деп мәлімдеген.
Бұған дейін Солтүстік Корея шілденің 4-і күні құрлықаралық баллистикалық зымыран сынағын өткізгені туралы хабарлап, "Хвансон 14" типті зымыран "ауыр ядролық оқтұмсықты" АҚШ-тың құрлықтағы территориясына жеткізе алады деп мәлімдеген.