Германияның Гамбург қаласында өтіп жатқан "Үлкен жиырмалық" саммиті кезінде бүгін Германия канцлері Ангела Меркель, Ресей президенті Владимир Путин және Франция президенті Эмманюель Макрон кездесіп, келіссөз өткізді. Кездесуде негізінен Украинаның шығысындағы жанжалды реттеу мәселесі талқыланды. Германия тарабының айтуынша, үш елдің жетекшілері Донбастағы атысты доғару режимін сақтаудың маңыздылығын қуаттаған.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Минскіде жасалған келісімдердің "орыннан қозғала алмай" жатқанына байланысты қынжылыс білдірген, бірақ лидерлер бұл бағыттағы жұмысты жалғастыруға ниетті екенін айтқан.
Макрон, Меркель және Путин жақын арада Украина президенті Петр Порощенконың қатысуымен "норман форматында" телефон арқылы сөйлесуге уағдаласқан.