"Ислам мемлекеті" экстремистік тобы Синай түбегіндегі әскери бекетке жұма күні жасалған шабуылға жауапкершілікті алатынын мәлімдеді. Шабуыл салдарынан әскери гарнизонда қызмет атқаратын египеттік 60 сарбаздың 23-і қаза тапқан.
Шілденің 7-і күні шекарадағы Рафах қаласының оңтүстік-батысындағы әскери бекеттің жанында жанкешті содыр минасы бар көлікті жарып жіберген. Бұл кезде жол талғамайтын жиырма көлікке мінген жихадшылар тобы египеттік әскерилер позицияларына бастырмалата оқ жаудырып жатқан еді. Мұндай қантөгіске әкелген шабуыл оқиғасы Синай түбегінде соңғы екі жылда болған емес.
Египеттік әскери гарнизонға жасалған бұл шабуыл Ирак пен Сирияда жихадшылар бақылауындағы жерлерден айырылып жатқан тұста, Синайдағы "Ислам мемлекеті" экстремистері белсенді соғыс қимылдарына көшуге қабілетті екенін көрсетіп отыр.
Египет үкіметі бірнеше жылдан бері Синайды өздерінің базасын орналастыруға және жаттығу өткізуге қолайлы жер санайтын "Ислам мемлекеті" экстермистік тобына қарсы күрес жүргізіп келеді.