Accessibility links

Моңғолияда оппозициялық саясаткер президент болып сайланды


Моңғолия астанасы Улаанбаатар қаласындағы сайлау учаскесінде дауыс беріп жатқан сайлаушы. (Көрнекі сурет.)
Моңғолия астанасы Улаанбаатар қаласындағы сайлау учаскесінде дауыс беріп жатқан сайлаушы. (Көрнекі сурет.)

Моңғолия президенті сайлауының екінші кезеңінің нәтижесі бойынша, оппозициялық демократиялық партияның кандидаты Халтмаагийн Баттулга жеңіске жетті. Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 50,6 пайызы оппозиция өкілін таңдаған. Оның бәсекелесі, биліктегі Моңғолия халық партиясынан сайлауға түскен кандидат, парламент спикері Миеэгомбын Энхболдты сайлаушылардың 41,2 пайызы қолдаған. Энхболд сайлау нәтижесін мойындайтынын және құрметтейтінін мәлімдеген.

«Моңғолия жеңіске жетті. Мен уәде еткенімдей, экономикалық қиындықтарды шешу және Моңғолия тұрғындарын қарыздан арылту үшін дереу жұмысқа кірісемін», - деп мәлімдеген президенттік сайлау жеңімпазы Халтмаагийн Баттулга.

Ол президенттік сайлау кампаниясы кезінде Моңғолияның мемлекеттік қарызы мен қатардағы азаматтардың борышын жою туралы уәде берген.

Халтмаагийн Баттулга жас кезінде дзюдо және самбомен айналысқан, ел құрамасының мүшесі болған. Президент сайлауына дейін ол парламент депутаты болып сайланған, көлік министрі, өнеркәсіп министрі қызметтерін атқарған. Сонымен бірге ол ірі бизнесмен ретінде белгілі: көптеген жылжымайтын мүліктерге иелік етеді.

Бұған дейін халықаралық валюта қоры қаржылай көмек ретінде 5,5 миллиард доллар несие сұрап өтініш берген Моңғолия үкіметіне салықты көтеру туралы шарт қойған. Бұған ел тұрғындары қарсы болған.

XS
SM
MD
LG