Accessibility links

ЕҚЫҰ ПА Украинаның егемендігін қалпына келтіру туралы қарар қабылдады


Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының парламенттік ассамблеясы жиыны. Минск, 6 шілде 2017 жыл.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының парламенттік ассамблеясы жиыны. Минск, 6 шілде 2017 жыл.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының парламенттік ассамблеясы (ЕҚЫҰ ПА) Киев ұсынған "Украинаның егемендігі мен территориялық тұтастығын қалпына келтіру" туралы қарар қабылдады. Ресей бұл қарарды қабылдауға қарсы болған.

ЕҚЫҰ ПА қарарында "Украинаның егемендігін, тәуелсіздігін, бірлігін және оның Қырым автономиялық республикасы мен Севостополь қаласы қоса кіретін, халықаралық қауымдастық таныған шекара көлеміндегі территориясының тұтастығын толық құрметтейтіні" туралы мәлімдеген.

Сонымен бірге құжатта "Ресей федерациясының Қырым автономиялық республикасы мен Севостополь қаласын уақытша оккупациялауын және Ресейдің Донбаста Украинаға қарсы жалғастырып жатқан гибридтік агрессиясын айыптайтыны" айтылған.

Бұған қоса ЕҚЫҰ ПА "Ресей федерациясын ресей-украин мемлекеттік шекарасының үкіметтің бақылауынан тыс бөлігі арқылы адамдар, ақша, қару-жарақ жөнелту арқылы Украинадағы террорлық қызметке демеушілік жасауды доғаруға және Украина жерінде терактілер жасап отырған Украинаның Донецк мен Луганск облыстарының жекелеген аудандарындағы заңсыз қарулы құрылымдарға кез-келген қолдауды тиюға табандылықпен шақыратыны" туралы мәлімдеген.

Сондай-ақ құжатта ЕҚЫҰ ПА Ресейді "Украинаның Донецк және Луганск облыстарының жекелеген аудандарындағы қарулы құрылымдарын, әскери техникасы мен жалдамалы сарбаздарын шығаруды қамтамасыз етуге" шақыратыны жазылған.

Ресей 2014 жылы көктемде Украина құрамындағы Қырым түбегін әуелі әскерін жіберіп, кейін 16 наурызда "референдум" өткізу арқылы өзіне қосып алған. БҰҰ Бас ассамблеясы Ресейдің Қырымды аннексиялауын көпшілік дауыспен заңсыз деп таныған. Украина шығысында 2014 жылдың көктемінен бері жалғасып жатқан үкімет күштері мен ресейшіл сепаратистер арасындағы қарулы қақтығыс салдарынан үш мыңнан астам бейбіт тұрғын қаза тапқан.

Батыс елдері Мәскеудің Қырымды аннексиялауына және Шығыс Украинадағы жанжалда сепаратистерге қолдау білдіргеніне байланысты Ресейге қарсы санкциялар салған.

XS
SM
MD
LG