Accessibility links

Ресейлік журналист, блогер Антон Носик қайтыс болды


Антон Носик сот ғимараты алдында тұр. Мәскеу, 3 қазан 2016 жыл.

Ресей астанасында жексенбіге қараған түні танымал журналист, блогер Антон Носик 51 жасында қайтыс болды. Бұл туралы оның жақын достарының бірі Демьян Кудрявцев хабарлаған. "Бүгін түнде Мәскеуде Антон Носик қайтыс болды" жазған ол Twitter желісіндегі парақшасына.

Носиктің қайтыс болғаны туралы ақпаратты растаған ресейлік блогер Илья Варламов: "Түнгі сағат екінің шамасында қайтыс болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Носиктің жүрегі сыр берген" деп жазған.

Мәскеуде жоғары медициналық білім алған Антон Носик 1990 жылы СССР-ден Израильге кетіп, сол жақта журналистикамен айналысқан, экономика, компьютер және интернет тақырыптарына мақалалар жазған. 1997 жылы Ресейге қайтып оралған соң Носик әртүрлі медиа жобаларда жұмыс атқарған. Ол Lenta.ru, Gazeta.ru және NEWSru.com тәрізді бірқатар ресейлік басылымдарды құруға қатысқан, BFM.ru порталының бас редакторы болған. Сонымен бірге ол LiveJournal блог-платформасына иелік ететін SUP Media компаниясында медиадиректор болып істеген.

Орыс тілді интернеттің негізін қалаушылардың бірі саналатын Антон Носиктің блогы Яндекс тізімі бойынша орыс тіліндегі ең танымал он блогтың қатарына енген.

2016 жылы Мәскеу соты "Сирияны жер бетінен жою" атты мақаласын экстремистік деп танып, Антон Носикке 500 мың рубль көлемінде айыппұл салған. Кейін айыппұл мөлшері 300 мың рубльге азайтылған.

Носик өзіне тағылған айыпты мойындаудан бас тартқан.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG