Accessibility links

"Новая газета": Шешенстанда 27 адам сот-тергеусіз өлтірілген


Шали қаласына кіреберістегі Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың бейнесі. (Көрнекі сурет.)
Шали қаласына кіреберістегі Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың бейнесі. (Көрнекі сурет.)

Шешенстанда биылғы қаңтардың 26-сына қараған түні 27 адам өлтірілген болуы мүмкін. Бұл туралы Ресейдің Шешенстан бойынша тергеу комитеті мен Шешенстан басшысы әкімшілігіндегі екі дерек көзіне сілтеме жасап ресейлік "Новая газета" хабарлады.

Шешенстан ішкі істер министрлігіндегі дерек көзі басылымға Грозныйдан 36 шақырым жердегі Шали қаласында ұсталған тұрғындардың тізімін берген. Журналистер әлгі адамдардың тұрғылықты мекен жайын анықтағанымен, олардың ары қарайғы тағдыры жайлы әзірше ешқандай дерек таба алмаған.

Журналистер 2016 жылғы желтоқсанның 16-сынан соң Шешенстанның бірқатар аудандарында адамдарды жаппай ұстау басталғаннан кейін әлгі тұрғындардың "құқық өкілдерінің" қолына түскенін анықтаған. Басылым мақаласында ұсталған адамдарға қатысты ресми хаттама толтырылмағаны, оларға ешқандай айып тағылмағаны айтылған. "Оларды полиция бөлімдерінің жертөлесі мен қосалқы бөлмелеріне қамаған" деп жазады "Новая газета". Оларды сотсыз, тергеусіз өлтірудің себебі белгісіз қалып отыр.

"Бұл адамдардың тағдыры туралы білу мақсатында біз сұхбаттасқандардың барлығын адам айтқысыз үрей билеп алған. Олардың бірі, Шали қалалық әкімшілігінің қызметкері біз анықтаған тұрғындардың тізмімен танысудан үзілді-кесілді бас тартып: "Шалида қаңтарда ұсталғандардың ешбірі енді жоқ. Іздемеңдер" деп айтты" деп жазады "Новая газета".

Мақалада маусымның 6-сы күні Ресей тергеу комитеті екі айдан астам уақыт жүргізіп жатқан тексерудің алдын ала нәтижесі мәлім болғаны айтылған. Ресейдің адам құқықтары жөніндегі уәкілі Татьяна Москалькова тергеу комитетіне жолдаған сауалына келген жауап туралы журналистерге: "Мен алған жауапта олардың зорлық-зомбылық әрекеттерді растайтындай ешқандай факт таба алмағаны, осыған байланысты олардың қолында бұл адамдарға қатысты нақты мәліметтер жоғы айтылған" деп хабарлады. Бірақ ол "қаза тапқандар" тізіміндегілердің аты-жөні көрсетілген нақтырақ жауап жіберуді сұрайтынын мәлімдеген. Сондықтан, тексеру осымен аяқталған болып саналмайды деген Татьяна Москалькова.

XS
SM
MD
LG