Accessibility links

Қазақстан жеңіл атлеттері Азия чемпионатында 4 алтын алды


Виктория Зябкина (оң жақта) мен Ольга Сафронова (ортада) Үндістандағы Азия чемпионатында (Сурет Қазақстан жеңіл атлетика федерациясынан алынды).
Виктория Зябкина (оң жақта) мен Ольга Сафронова (ортада) Үндістандағы Азия чемпионатында (Сурет Қазақстан жеңіл атлетика федерациясынан алынды).

Үндістанның Бхунбанешвар қаласында жеңіл атлетикадан Азия чемпионаты аяқталды. Бұл жарыста Қазақстан құрамасы төрт алтын, екі күміс, екі қола медаль иеленді.

100 және 200 метрге жүгіруде Виктория Зябкина алтын иеленді. Ольга Сафронова 100 метрлік жарыста күміс, 200 метрде қола жүлдегер атанды. Үш қарғып секіруде қазақстандық Мария Овчинникова Азия чемпионы атанса, күмісті осы елдің тағы бір спортшысы Ирина Эктова иеленді.

Қазақстан әйелдер құрамасы (Зябкина, Сафронова, Римма Кашафутдинова, Светлана Голендова) 4х100 метрлік эстафетада жеңіске жетті. Ядро лақтыру секторында Иван Иванов үшінші нәтиже көрсетті.

Қазақстан жалпы есепте Үндістан (12 алтын, 5 күміс, 12 қола) мен Қытайдан (8-7-5) кейін үшінші орынды иеленді. 2015 жылы Уханьдағы Азия чемпионатында Қазақстан 1 алтын, 3 күміс, 3 қоламен жалпы есепте 9-орынмен шектелген.

Қазақстан ұлттық олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев қазақстандық спортшылардың нәтижесін "жоғары жетістік" деп бағалады.

6-9 шілдеде өткен Азия чемпионатына 45 елден 800-ге жуық спортшы қатысты. Қазақстан жеңіл атлетика құрамасы енді тамызда Лондонда өтетін әлем чемпионатына қатысады.

XS
SM
MD
LG