Accessibility links

Бақылаушылар: Сириядағы бітім сақталып тұр


Ракка маңындағы босқындар лагерінде отырған қыз, Сирия (Көрнекі сурет).
Ракка маңындағы босқындар лагерінде отырған қыз, Сирия (Көрнекі сурет).

Сирияда АҚШ пен Ресейдің ара ағайындығымен жасалған бітім күшіне енген алғашқы күні толықтай сақталды деп хабарлады бақылаушылар мен оппозициялық көтерілісшілер. Лондонда орналасқан Syrian Observatory for Human Rights (SOHR) ұйымы 9 шілдеде аз ғана оқ ату болғанымен, жалпы алғанда күн тыныш өткенін мәлімдеді.

АҚШ, Ресей және Йордания билігі арасында жасалған "деэскалация аймақтары" туралы келісімде Сирия президенті Башар Асадтың әскері мен онымен соғысып жатқан АҚШ қолдайтын үкіметке қарсы көтерілісшілерді бір-бірінен бөлу қарастырылған.

Қақтығысты тоқтату режимі Сирияның Йорданиямен шекаралас Дераа, Сувейда және Кунейтра провинцияларына таралған. SOHR директоры Рами Абдулрахман 9 шілде күні кешке Дераа және Кунейтра провинцияларында қысқа атыс болғанын айтады. Оның сөзінше, бұл қақтығысты тоқтату режиміне еш әсер етпейді.

АҚШ қолдайтын көтерілісшіл топтардың "Оңтүстік майдан" коалициясының ресми өкілі майор Иссам әл-Райес тыныштық түні бойы да сақталғанын айтты.

АҚШ президенті Дональд Трамп 9 шілдеде бұдан ертерек бітім сақталып тұрғанын айтқан.

Сирияда алтыншы жылға жалғасып жатқан қарулы жанжал барысында жарты миллионға жуық адам қаза тауып, миллиондаған тұрғын үй-жайын тастап, бассауғалап кетуге мәжбүр болған.

XS
SM
MD
LG