Accessibility links

Шымкентте Тоқтар Төлешовтың ісі қарала бастады


Шымкенттің Еңбекші аудандық соты. 10 шілде 2017 жыл.

Шымкенттегі Еңбекші аудандық соты бизнесмен Тоқтар Төлешовпен бірге сегіз адамға қатысты істі қарай бастады. "Шымкент сыра" зауытының бұрынғы басшысы Төлешовке "экономикалық қылмыстар жасады" деп айыпталып отыр.

Сот бүгін таңғы сағат 10:00-да басталды. Істі судъя Мырзалы Жорабаев жүргізіп жатыр. Сот отырысына Тоқтар Төлешовтың адвокаты мен айыпталушылар және прокурор қатысты.

Судъя айыпталушылардың қорғаушыларының келмеуіне байланысты істі қарауды 13 шілде күні сағат 10-ға қалдырды.

Мархаба Жақыпованың сөзінше, бұл іс бойынша Тоқтар Төлешов ақпан айында Шымкенттегі тергеу изоляторына жеткізілген. Бүгінге дейін туыстарымен кездесуге рұқсат берілмеген. Сотқа дейін Төлешовті ешкіммен кездестірмеген.

Тоқтар Төлешов "салықтан жалтарғаны", "қаржылық және бухгалтерлік есепте жалған мәліметтер көрсеткені және аса ірі көлемде пара бергені үшін" сотқа тартылды. Оған Қылмыстық кодекстің 245-бабы 2 және 3-бөлігі ("Ұйымдарға салынатын салықты және (немесе) бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуден жалтару"), 28-бабы 2,3-бөлігінің 2-тармағы ("Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлерi"), 222-бабының 2,3-бөлігі ("Салық төлеушінің салық берешегі шотына билік ету шектелген мүлікке қатысты заңсыз іс-әрекеттері"), 241-баптың "а", "б" тармағы ("Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасын бұзу"), 312-бабы 4-бөлігінің "а", "б" тармағы ("Пара беру"), 367-бабы 3-бөлігінің 1,3-тармақтары бойынша айып тағылған. Төлешовке осы қылмыстар жасауға көмектесті делінген тағы сегіз адамның ісі бірге қаралуда.

Айыпталушылардың ішінде Тоқтар Төлешовтен бөлек жеке кәсіпкерлермен бірге мемлекеттік қызметкерлер де бар.

Сот отырысынан кейін Азаттыққа комментарий берген Тоқтар Төлешовтың адвокаты Мархаба Жақыпова Тоқтар Төлешов тағылған айыптарды жартылай мойындайтынын айтты. "Жеке тұлғалар жүргізетін қосымша құн салығы мен корпоративтік табыс салығын уақытылы өткізбеген" дейді ол.

- Ол (Тоқтар Төлешовты айтады – ред.) "Шымкент сыра" зауытының жалғыз қожайыны болса да түскен ақшаны жұмсады, жаратты дейді. Қаражатын жұмсаса кімге есеп беруі керек? Мейлі оның әйелдері, балалары жұмыс істемесін, ол өзінің жеке қаражатын жұмсаған. Ал есепті уақытылы тапсырмаған болса, оған зауытта белгілі бір жауапты қызметкерлер бар. Заң бойынша жеке тұлға заңды тұлға үшін жауап бермейді. Зауыт та оның шығындары үшін жауапты емес. Бәрі араласып кеткен. Сот шешеді, - дейді Мархаба Жақыпова.

"Шымкент сыра" зауытының иесі болған кәсіпкер Тоқтар Төлешов 2016 жылы қаңтардың 30-ында Шымкент қаласында полиция жүргізген жедел-іздестіру шарасында ұсталған. Бизнесменге қылмыстық кодекстің 266-бабы ("Қылмыстық топтың әрекетін қаржыландыру, сол сияқты мүлікті сақтау, бөлу, қаржыландыру арналарын әзірлеу") және 297-бабы ("Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу") бойынша айыптар тағылған. Тоқтар Төлешов "заңсыз қару сақтап және ұстағанын" ғана мойындаған.

2016 жылы қарашаның 7-сі күні Астанадағы мамандандырылған ауданаралық әскери сот Тоқтар Төлешовті 21 жылға бас бостандығынан айыруға, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуге, дүние-мүлкін тәркілеуге, мемлекеттік марапаттарынан айыруға үкім кескен.

Тоқтар Төлешовтің ісіне байланысты сотқа тартылған 24 адамның біразы да түрме жазасына кесілген.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG