Қырғызстан үкіметі мен Чехияның Liglass Trading компаниясы арасында Жоғарғы Нарын сарқырамасында және басқа да жерлерде шағын су электр станцияларын салу туралы келісімге қол қойылды. Оған Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев қатысты.
Келісімге сәйкес, чех компаниясы Жоғарғы Нарын сарқырамасындағы Ақбұлақ және Нарын су электр станцияларын, сонымен бірге он шағын ГЭС салып, оларды іске қоспақ.
Liglass Trading CZ s.r.o "Жоғарғы Нарын су электр станциясы" компаниясының жарғылық капиталына 37 миллион доллар құяды. Бұл қаражат мекеменің 50 пайыз акциясы көлеміндегі Ресейге тиесілі үлесін чех компаниясына аудару үшін керек.
Құжаттарға қол қою салтанатында Алмазбек Атамбаев "Еуропадан жекеменшік ірі инвесторлардың келуі - әлемнің басқа инвесторларына үлгі болып, Қырғызстанның бизнес жүргізуге жағдай жасай алатынын көрсетеді" деп мәлімдеді.
Бұған дейін Жоғарғы Нарын ГЭС-ін Ресей салатын болған еді, бірақ кейін бұл ел келісімінен бас тартқан.