Accessibility links

БАҚ: Путинге "қастандық жасамақ болған" қазақстандық кешірім жасауды сұрады


Илья Пьянзин, "Путинге қастандық жасауды жоспарлады" деген айыппен Ресейде сотталған Қазақстан азаматы.
Илья Пьянзин, "Путинге қастандық жасауды жоспарлады" деген айыппен Ресейде сотталған Қазақстан азаматы.

Қазақстан азаматы, Владимир Путинге Ресей премьер-министрі болып тұрғанда қастандық жасамақ болды деген айыппен сотталған Илья Пьянзин өзіне рақымшылық жасауды сұрады деп хабарлады ресейлік "Коммерсант" басылымы. Мәскеу соты 2013 жылы күзде 33 жастағы Пьянзинді 2011 жылы Владимир Путинге қастандық жасауға дайындалды деп айыптап, 10 жылға соттаған.

Пьянзин 2012 жылы ақпанда Украинада шешенстандық Адам Осмаевпен бірге олар тұрып жатқан пәтерде қолдан жасалған жарылғыш құрылғы жарылып, жандарында болған тағы бір Шешенстан азаматы Руслан Мадаев қаза тапқан кезде ұсталған. Пьянзин мен Осмаев Путинге қастандық жасауға дайындалғанын мойындаған. Кейін екеуі де тергеуде өздеріне қысым жасалғанын мәлімдеп, жауаптарынан бас тартқан. Тергеу болжамынша, Пьянзин 2011 жылы желтоқсанда Украина территориясында болғанында Ресей президенттігіне кандидат Владимир Путинге қастандық жасауды жоспарлаған топқа қосылған. Топ Мәскеуде Путиннің кортежі жүретін жолда миналанған көлік жаруды жоспарлаған.

Украина Пьянзинді Ресейге беріп, ол экстрадицияланған соң прокурорлармен процессуалдық келісім жасасып, кінәсін мойындаған. Еуропаның адам құқықтары жөніндегі соты Украинаға Осмаевты саяси себептермен Ресейге қайтармау туралы кеңес берген соң, ол Украинада қалған.

Илья Пьянзиннің әйелі Марина Пьянзина "Коммерсант" басылымына күйеуінің арызы мамыр айында Самара облысындағы колония әкімшілігіне тапсырылғанын айтты. Құжаттар бірер күн бұрын Самара облысының губернаторы жанындағы рақымшылық жасау жөніндегі комиссияға түскен. Басылым губернатор жанындағы комиссия мен Федералдық жазасын өтеу қызметінің Самара облысы бойынша басқармасы арыздың қайда екеніне қатысты комментарий беруден бас тартқанын жазады.

2014 жылы қарашада Осмаевтан терроризм айыбы алынған. Одесса соты оны заңсыз қару алып жүрді деп айыптап, екі жыл тоғыз айға бас бостандығынан айыру жазасын кескен. Жазасын өтеп шыққан соң Украина шығысында үкімет әскері сапында ресейшіл сепаратистермен соғысқан Осмаевқа өткен айдың басында Киевте қастандық жасалған. Осмаев қастандық салдарынан бір апта ауруханада жатқан.

XS
SM
MD
LG