Accessibility links

Могерини Ресейді Минск келісімі талаптарын орындауға шақырды


ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі комиссары Федерика Могерини (сол жақта) мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров. Мәскеу, 24 сәуір 2017 жыл.
ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі комиссары Федерика Могерини (сол жақта) мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров. Мәскеу, 24 сәуір 2017 жыл.

Еуропа Одағының (ЕО) сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы комиссары Федерика Могерини 11 шілдеде Брюссельде Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесті.

Екі жақ кездесуде Ливиядағы жағдайды, Парсы шығанағындағы шиеленісті, Таяу Шығыстағы қақтығыстарды реттеу жөніндегі келіссөздерде ілгерілеушіліктің жоғын, Солтүстік Кореяға қатысты жағдай мен Украинаның шығысындағы қақтығысты талқылады.

Бірлескен баспасөз конференциясында Могерини ЕО мен Ресей мүдделеріне қатысы бар ғаламдық мәселелер бойынша Лавровпен үнемі пікір алмасып тұратынын мәлімдеді. Оның сөзінше, екі тараптың да көптеген мәселелерге қатысты көзқарастар айырмашылығы әлі бар, бірақ келіссөз жүргізуге ортақ негізді іздеп табу өте маңызды.

ЕО мен Ресей арасындағы қарым-қатынас Ресей 2014 жылы наурызда Украинадан Қырым түбегін аннексиялап алған соң нашарлаған. Могерини "Брюссель Мәскеуден Минск келісімі бойынша өзіне алған міндеттемелерін орындауды күтіп отырғанын" айтты.

Могерини Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамптың Гамбургтегі кездесуде Сирияның оңтүстік-батысында қақтығысты тоқтату туралы келісім жасағанын "Сириядағы жалпы бітімге бастайтын алғашқы қадам" деп қабылдайтынын айтты.

Сергей Лавров ЕО мен АҚШ-ты Сирия президенті Башар Асад билігіне қарсы санкцияларды жоюға шақырды. Оның пікірінше, бұл санкциялар Сириядағы гумнитарлық проблемаларды одан ары шиеленістіре түседі.

XS
SM
MD
LG