Орал қалалық қылмыстық істер сотының судьясы Асқар Исмайылов қала тұрғыны Нұрғали Байқатовты Қылмыстық кодекстің 335-бабы ("Өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен,
олардың бөліктерімен немесе туындыларымен заңсыз айналысу") бойынша қылмыс жасады деп танып, бір жыл алты ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын кесті.
Нұрғали Байқатовты 2016 жылы сәуірде Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері Орал теміржол вокзалының маңынан ұстаған. Оның көлігінен "ақбөкеннің 402 мүйізі табылған". Тергеу болжамынша, Байқатов "ұсталғанға дейін жолсерікпен келісіп, мүйіздердің бір бөлігін Орал - Алматы пойызына тиеп жіберген".
Іс барысында сотталушыға 170 миллион теңге табиғатқа келтірілген шығыны ретінде мемлекет есебіне 170 миллион теңге өтемақы төлету туралы да азаматтық шағым түскен. Бірақ іс барысында шағым қайтарылып алынды.
Судья үкімін оқыған соң Азаттыққа бұл қылмыс ауырлығы орта деңгейдегі қылмыс саналатынын, сондықтан сотталушыға Қазақстан тәуелсіздігінің 25-жылдығына байланысты қабылданған рақымшылық жасау заңы қолданылғанын айтты.
БҚО орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясы басшысының орынбасары Серік Мәженовтың айтуынша, облыс тарихында бұрын-соңды мұндай көп көлемдегі киік мүйізін контрабандамен өткізу қылмысы тіркелмеген.
Биыл 24 наурызда БҚО Жәнібек аудандық соты Бөкейорда ауданы Саралжын ауылының учаскелік полиция қызметкерін, "Охотзоопром" республикалық мекемесінің инспекторын және Бөкейордасы ауданының тағы бір тұрғынын тоғыз киікті атып, мүйізін сатпақ болғаны үшін бес жыл мерзімге бас еркіндіктерін шектеген.