Accessibility links

Қытайлық диссидент Лю Сяобоның халі нашарлай түсті


Қытайлық диссидент Лю Сяобо әйелімен бірге. 22 қазан 2002 жыл.
Қытайлық диссидент Лю Сяобо әйелімен бірге. 22 қазан 2002 жыл.

Қытайлық құқық қорғаушы, бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Лю Сяобоның халі ауыр.

Қытайдың солтүстік-шығысындағы Шэньян қаласы клиникасының хабарлауынша, 61 жастағы Лю Сяобоның тыныс алу жолдары қызметі бұзылған. Бірақ туыстары оны өкпесіне ауа айдайтын аппаратқа жатқызудан бас тартқан.

Бұған дейін дәрігерлер Лю Сяобоның бауыры жұмыс істемей қалғанын хабарлаған.

Түрмеде жатқан Лю Сяобода өкпе қатерлі ісігі бары анықталып, түрмеден ауруханаға шығарылған.

Бірнеше күн бұрын диссидентпен жолыққан шетелдік дәрігерлер оны шетелде емдету үшін ұшақпен тасымалдауға болады деп мәлімдеген. Бірақ Қытай билігі оған рұқсат бермеген.

Пекинде 1989 жылы Тяньаньмэнь алаңындағы үкіметке қарсы демонстрацияларға қатысқан құқық қорғаушы демократиялық реформаны талап еткен "Хартия-08" манифесін жасағанына бола "мемлекетке қарсы іс-әрекеттер жасады" деген айыппен 2009 жылы 11 жылға сотталған.

Лю Сяобо 2010 жылы "реформаны бұлжытпай және бейбіт насихаттағаны үшін" бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын иеленген. Бірақ ол түрмеде отырғандықтан Ослода өткен марапаттау салтанатына бара алмады, туыстарына да ол сыйлықты алуға рұқсат берілмеді.

XS
SM
MD
LG