Шымкенттің Еңбекші аудандық сотында бейсенбіде бизнесмен Тоқтар Төлешов пен оның сыбайластары деп танылған сегіз адамның ісін қарауға кірісті. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, істі қарайтын судья Мырзалы Жорабаев сотталушыларға құқықтарын түсіндіріп, прокурор айыптау актісін оқыған соң журналистерден сот залын босатуды сұрады. Судья ендігі сот отырысы жабық өтетінін айтып, журналистер үкім оқылған кезде ғана қатыстырылатынын айтты. Сотқа Төлешов пен оның адвокаты, айыпталушы сегіз адам мен олардың адвокаттары қатысып жатыр.
Тоқтар Төлешов "салықтан жалтарғаны", "қаржылық және бухгалтерлік есепте жалған мәліметтер көрсеткені және аса ірі көлемде пара бергені үшін" сотқа тартылды. Оған Қылмыстық кодекстің 245-бабы 2 және 3-бөлігі ("Ұйымдарға салынатын салықты және (немесе) бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуден жалтару"), 28-бабы 2,3-бөлігінің 2-тармағы ("Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлерi"), 222-бабының 2,3-бөлігі ("Салық төлеушінің салық берешегі шотына билік ету шектелген мүлікке қатысты заңсыз іс-әрекеттері"), 241-баптың "а", "б" тармағы ("Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасын бұзу"), 312-бабы 4-бөлігінің "а", "б" тармағы ("Пара беру"), 367-бабы 3-бөлігінің 1,3-тармақтары бойынша айып тағылған. Төлешовке осы қылмыстар жасауға көмектесті делінген тағы сегіз адамның ісі бірге қаралуда.
Сотталушы үш адамның адвокаттары клиенттерінің өздеріне тағылған айыпты мойындайтынын айтып, заң аясында жазаларын жеңілдетуді сұрап, талап-арыз білдірді. Судья бұл талап-арыздың алдағы сот барысында қаралатынын айтты.
Айыпталушылардың ішінде Тоқтар Төлешовтен бөлек жеке кәсіпкерлермен бірге мемлекеттік қызметкерлер де бар. Төлешовтің өзі қамауда, қалған сегіз сотталушының кейбірі үйқамаққа алынған, кейбірі ешқайда кетпеу туралы қолхатпен бостандықта жүр.
Бұған дейінгі соттың алдын ала тыңдауында Азаттыққа комментарий берген Тоқтар Төлешовтың адвокаты Мархаба Жақыпова Төлешов тағылған айыптарды жартылай мойындайтынын айтқан.
"Шымкент сыра" зауытының иесі болған кәсіпкер Тоқтар Төлешов 2016 жылы қаңтардың 30-ында Шымкент қаласында полиция жүргізген жедел-іздестіру шарасында ұсталған. Бизнесменге қылмыстық кодекстің 266-бабы ("Қылмыстық топтың әрекетін қаржыландыру, сол сияқты мүлікті сақтау, бөлу, қаржыландыру арналарын әзірлеу") және 297-бабы ("Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу") бойынша айыптар тағылған. Тоқтар Төлешов "заңсыз қару сақтап және ұстағанын" ғана мойындаған.
2016 жылы қарашаның 7-сі күні Астанадағы мамандандырылған ауданаралық әскери сот Тоқтар Төлешовті 21 жылға бас бостандығынан айыруға, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуге, дүние-мүлкін тәркілеуге, мемлекеттік марапаттарынан айыруға үкім кескен.