Accessibility links

Астанада ЭКСПО павильонын салған жұмысшылар жалақысын талап етті


Astana Exhibitions Services фирмасының жұмысшылары жалақыларын талап етіп фирма кеңсесі алдында тұр. Астана, 13 шілде 2017 жыл.
Astana Exhibitions Services фирмасының жұмысшылары жалақыларын талап етіп фирма кеңсесі алдында тұр. Астана, 13 шілде 2017 жыл.

Астанада ЭКСПО-2017 көрмесінде Иордания елінің павильонын салдық деген бір топ жұмысшы бейсенбіде екі ай жалақыларын ала алмағанын айтып, наразылық танытты.

Он бес шақты жұмысшы жалақыларын төлеуді талап етіп, өздері жұмыс істеген Astana Exhibitions Services фирмасының кеңсесіне барды. Мұнда олармен фирма бас директоры Қайыр Ибраев кездесті. Ибраев жұмысшыларға жалақының төленбеуіне фирманың кінәсі жоғын айтты. Оның сөзінше, фирма көрмедегі Иордания мен Малайзияның павильондарын салған.

- Малайзияның павильонын салып бітірген соң бізге олар ақшасын аударды. Иорданиялық Platinum компаниясы ақшасын аудармаған соң олардың павильондарын тезірек салып бітіру үшін Малайзияның ақшасын Иорданияның павильонына жұмсадық. Павильондарын салып бітірсек те Иордания компаниясы әртүрлі нәрсені сылтауратып ақшасын әлі бермей отыр. Жұмысшыларға, фирма кеңсесінде істейтін қызметкерлер бар, жиыны 40-тан астам адамға жалақыға 7 миллион теңге қарызбыз, - деді Қайыр Ибраев.

Қайыр Ибраев, Astana Exhibitions Services фирмасының бас директоры. Астана, 13 шілде 2017 жыл.
Қайыр Ибраев, Astana Exhibitions Services фирмасының бас директоры. Астана, 13 шілде 2017 жыл.

Оның сөзінше, фирма бұл мәселеге қатысты Қазақстан сыртқы істер министрлігінен көмек сұрағанын айтты. Ибраев фирма енді иорданиялық компанияны сотқа бермек екенін жеткізді.

Жұмысшылар бұдан соң Астанадағы Иордания елшілігіне барған. Бірақ елшілік бұрынғы ғимаратынан жаңа дипломатиялық қалашыққа көшіп кеткен болып шықты. Бұдан соң наразы жұмысшылар "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясына бармаққа бекінді.

XS
SM
MD
LG