Accessibility links

Адвокат: Харькованы айыптайтын бірде-бір құжат жоқ


Дана Волкова, Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар федерациясының бұрынғы төрағасы Лариса Харькованың адвокаты. Шымкент, 13 шілде 2017 жыл.
Дана Волкова, Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар федерациясының бұрынғы төрағасы Лариса Харькованың адвокаты. Шымкент, 13 шілде 2017 жыл.

Шымкенттің Еңбекші аудандық сотында ісі қаралып жатқан Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар федерациясының бұрынғы төрағасы Лариса Харькованың үстінен қозғалған іс бойынша оны айыптайтын нақты құжат жоқ деп мәлімдеді Азаттыққа айыпталушының адвокаты Дана Волкова.

Бүгін жалғасып жатқан сот отырысына жәбірленушілер, айыпталушы мен олардың адвокаттары, прокурор және қоғамдық құқық қорғау ұйымдарының өкілдері қатысуда.

Істі қарап жатқан судья Светлана Шынәлиева бірден куәгерлерден жауап алуға көшті. Куәгерлікке кәсіподақ мүшелерімен қоса Оңтүстік Қазақстан облыстық әділет департаментінің өкілдері де шақыртылған.

Харькованы сотқа берген жәбірленушілер - кәсіподақ басшылары Сәуле Әбдібаева мен Сайра Нұрбекованың қорғаушысы Дәулет Байсейітов судьядан жәбірленушілерден тағы жауап алуды сұрады. Судья оның талабын қанағаттандырып, куәгерлерден кейін қайта жауап алуға келісті.

Лариса Харькованың адвокаты Дана Волкова Азаттыққа берген комментариінде жәбірленушілердің қолында Лариса Харькованың үстінен қозғалған қылмыстық іске тікелей қатысы бар айыптау құжаттарының жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, Харькованы айыптайтын бірде-бір құжат жоқ.

- Сағира Нұрбекованың қолында айыптайтын ешқайдай құжат жоқ. Ал жәбірленуші Сәуле Әбдібаеваның қолында екі кәсіподақтың арасында жасалған келісім-шарт бар. Бұл келісім-шарт айыптау құжатына жатпайды, - дейді ол.

Харьковаға Қылмыстық кодекстің 189 бабы 4-бөлімінің 2-тармағы ("Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу") және 190-бап 2-бөлімінің 2-тармағы бойынша ("Алаяқтық") бойынша айып тағылған. Ол "ешқайда кетпейтіні" туралы қолхатпен бостандықта жүр.

Харькова кеше өткен сотта Азаттыққа өзіне қарсы істі "тапсырыспен жасалған" деп білетінін айтқан.

XS
SM
MD
LG