Accessibility links

Жол ережелері туралы заң өзгертулері күшіне енді


Алматының әл-Фараби даңғылындағы көліктер.(Көрнекі сурет.)
Алматының әл-Фараби даңғылындағы көліктер.(Көрнекі сурет.)

Қазақстанда бүгіннен бастап жол жүру ережелеріне қатысты кейбір заң актілеріне енгізілген өзгерістер мен түзетулер күшіне енді. Бұған дейін шілденің 3-і күні тиісті заң жобасына Қазақстан президенті қол қойған.

Жаңа ережелерге сәйкес, қарсы жолаққа шығып кеткені, масаң күйде көлік жүргізгені және ішімдік ішкенін анықтайтын тексеруден өтуден бас тартқаны үшін жүргізушіні үш жылға көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы қарастырылған. Сондай-ақ көлікті масаң күйінде айдаған мүгедек жүргізушілер де үш жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады.

Жаңартылған заң көлік жүргізушілеріне полицейлерді камераға түсіруге рұқсат етеді. Бұған дейін бұл нормаға тыйым салынбағанымен, видеоматериалдар сотта айғақ ретінде қаралмайтын. Енді жаңа түзетулерге сәйкес, апат орнында немесе жол үстінде болған өзге оқиға орнында түсірілген видео сот материалына негіз бола алады. Бірақ көлік жүргізуші полиция өкілінің талабын мүлтіксіз орындауға міндетті.

Сонымен қатар, жолда тоқтатылған жүргізуші көліктен түспей, полиция қызметкерін көлік салонында күтіп отыруы тиіс деген 2015 жылғы қаулының да күші жойылған. Құжатта бағдаршам алдындағы тоқтау сызығын басып тұрғаны үшін салынатын айыппұл көлемі азайтылып, жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткен жағдайда жаңасын алу үшін қайтадан емтихан тапсыру, түнгі уақытта тұрақты емес тасымалдаушылардың жолаушылар тасуына салынған тыйым жойылған.

XS
SM
MD
LG